Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Заң мен әділдік жолындағы жас полицей

Заң мен әділдік жолындағы жас полицей – анықтаушы Алтынбек Құрманғалиев туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Анықтау қызметі – ақиқатқа бастайтын ең күрделі әрі жауапты салалардың бірі. Бұл бағытта еңбек ету тек заң нормаларын жетік меңгерумен шектелмейді. Әрбір шешімнің ар жағында адам тағдыры тұрғанын терең сезіну, әділдікке деген берік ұстаным мен ішкі тәртіптің мызғымас қағидаларын ұстану – басты талаптардың бірі. Осындай жауапкершілікті жете түсініп, кәсібилікті биік деңгейге көтеріп жүрген жандардың бірі – Атырау қаласы полиция басқармасы анықтау бөлімінің аға анықтаушысы Алтынбек Құрманғалиев.

Оның әрбір жұмыс күні мұқияттылық пен жоғары жауапкершіліктен басталады. Алтынбек кез келген, тіпті қарапайым көрінетін деректің өзі істің бағытын өзгертуі мүмкін екенін жақсы біледі. Сондықтан ол әрбір материалды жан-жақты зерделеп, оқиғаның әр бөлшегіне дейін мән береді. Куәгерлермен жұмыс барысында сабырлылық пен байыптылық танытып, процессуалдық құжаттарды талапқа сай, сауатты рәсімдеу – оның қалыптасқан кәсіби дағдысы. Оның пайымынша, әрбір іс – жай ғана құжат емес, ол қоғамдағы заң үстемдігі мен әділдіктің нақты көрінісі.

Мәселен, оның анықтау саласындағы алғашқы істерінің бірі 2023 жылдың қаңтар айында Атырау–Орал тас жолында орын алған жол-көлік оқиғасына қатысты болды. Ол аталған іс бойынша барлық қажетті тергеу әрекеттерін өзі жүргізіп, оқиғаның мән-жайын толық зерттеп, заң талаптарына сәйкес нақты процессуалдық шешім қабылдады. Сондай-ақ өндірісіндегі басқа да жол-көлік оқиғалары бойынша істерді жан-жақты қарап, әрбір деректі жеке бағамдап, заңды әрі негізді қорытынды жасауға қол жеткізді. Бүгінде ол ұрлық, алаяқтық, денсаулыққа қасақана зиян келтіру сынды қылмыстық істерді тергеп, әр іс бойынша әділ шешім қабылдау жолында еңбек етіп келеді.

Қызмет барысында қабылданатын әрбір шешім терең ой мен нақты дәлелге сүйенеді. Себебі ол әрбір құқықтық қадамның адам өміріне тікелей әсер ететінін жақсы түсінеді. Осы себепті қателікке жол бермеу – оның басты ұстанымы.

Жас тәртіп сақшысының қызмет жолы – табандылық пен адалдықтың, кәсібилік пен отансүйгіштіктің айқын үлгісі. Оның күнделікті еңбегі қоғамдағы құқықтық тәртіптің сақталуына қызмет етіп, заң үстемдігінің әрдайым биік тұратынын дәлелдей түседі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру