Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Сыр елінде 80 оқушы полиция қызметімен жақын танысты

"Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі" тұжырымдамасы аясында Қызылорда облысының полиция департаментінде оқушылар үшін ашық есік күні ұйымдастырылып, оған 80 оқушы қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдердің құқық қорғау органдарының қызметіне қызығушылығын арттыру, олардың құқықтық сауаттылығын қалыптастыру және полиция жұмысының негізгі бағыттарымен таныстыру.

Ашық есік күні аясында Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының орынбасары Оралбек Омаров сөз сөйлеп, “Заң мен тәртіптің” қоғамдағы тұрақтылық пен қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі маңызын атап өтіп, жас ұрпақтың құқықтық мәдениетін қалыптастыруға ерекше назар аудару қажет екенін жеткізді.

Кездесу барысында оқушылар департаменттің бірқатар құрылымдық бөлімшесінің қызметімен танысып, кинологиялық қызмет мамандарының жұмысын және қызметтік иттердің дайындығын тамашалады, сондай-ақ жедел басқару орталығының жұмыс жүйесімен және жедел криминалистика бөлімінің заманауи техникалық мүмкіндіктерімен танысты.

Сонымен қатар қатысушылар полиция департаментінің мұражайын аралап, өңірдегі құқық қорғау органдарының қалыптасу тарихы мен жетістіктері жөнінде мәлімет алды.

Мұндай танымдық форматтағы кездесулер жасөспірімдердің патриоттық рухын нығайтып, құқық қорғау саласына деген қызығушылығын арттыруға ықпал етеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру