Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азаматтардың еңбегімен жасалған өнімдер жәрмеңкеге шығарылды

Қызылордада сотталған азаматтардың еңбегімен жасалған өнімдер жәрмеңкеге шығарылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда қаласында жазасын өтеуші азаматтардың қолымен дайындалған өнімдер көпшілік назарына ұсынылды. "Құзыреттілік" орталығында "Enbek HUB – QYZYLORDA" жәрмеңкесі ұйымдастырылып, еңбек арқылы түзелу мен қайта әлеуметтенудің нақты үлгісі көрсетілді.

Іс-шараға Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №60 мекемесінде сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер мен олардың өндірген өнімдері қатысты. Көрмеде ағаштан жасалған бұйымдар, қолөнер туындылары, тігін өнімдері, сондай-ақ құрылысқа қажетті пескаблок, газоблок және пенаблок сынды материалдар көпшілік назарына ұсынылды.

Жәрмеңке барысында Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасары Данияр Жаналинов көрмемен танысып, сотталған азаматтардың еңбегіне оң бағасын берді. Облыс прокурорының бірінші орынбасары Исламбек Төлегенов кәсіпкерлерге түзеу мекемелерінде бизнесті жүзеге асырудың құқықтық негіздері мен мүмкіндіктерін түсіндірді.

Сондай-ақ ҚАЖ департаменті бастығының міндетін атқарушы Мейрам Бекжанов кәсіпкерлерге өндірісті түзеу мекемелерінің аумағында ұйымдастырудың артықшылықтары мен жеңілдіктерін атап өтіп, өзара әріптестікті нығайтуға шақырды.

Шараға "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының өкілдері мен қаладағы шағын және орта бизнес субъектілері қатысып, сотталған азаматтарды еңбекке тартудың тиімді тетіктері талқыланды.

Бүгінде №60 мекемеде 500-ге жуық сотталған азамат "Еңбек-Қызылорда" РМК филиалы мен 21 жеке кәсіпкерлік және жауапкершілігі шектеулі серіктестіктерде еңбек етуде. Бұл олардың қайта әлеуметтенуіне, қоғамға бейімделуіне және өмірге жаңа көзқараспен қарауына ықпал етіп отыр.

Мұндай жәрмеңкелер кәсіпкерлер үшін өндіріс ауқымын кеңейтіп, тапсырыс көлемін арттыруға мүмкіндік берсе, екінші жағынан жаңа жұмыс орындарының ашылуына және сотталған азаматтарды жұмыспен қамту деңгейінің өсуіне жол ашады.

Іс-шара соңында №60 мекемесінде еңбек етіп жүрген сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып отырған кәсіпкерлер Қызылорда облысы әкімінің бірінші орынбасарының Алғыс хаттарымен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру