Қызылорда облысында адам құқықтары жөніндегі өкіл жазасын өтеушілермен кездесті
Қызылорда облысында адам құқықтары жөніндегі өкіл жазасын өтеушілермен кездесті, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің Қызылорда облысы бойынша өкілі Берікбол Байхожаев Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы "Еркіндік рухы" жастар құқықтары жөніндегі комиссиясының мүшесі АлиИслам Байхадаммен бірлесіп, №37 мекемеде сотталғандармен кездесу өткізді.

Іс-шараға Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті бастығының орынбасары, әділет полковнигі Бекжанов Мейрам Гарипулаұлы және №37 мекемесінің бастығы Битаев Абай Есенгелдіұлы қатысты.

Кездесу барысында омбудсмен өкілі Қазақстан Республикасының Конституциясында және ратификацияланған халықаралық шарттарда бекітілген адам мен азаматтың іргелі құқықтары туралы кеңінен түсіндірді. Сонымен қатар БҰҰ Бас Ассамблеясы қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға бірдей декларациясы, сондай-ақ "Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл туралы" Конституциялық заңның негізгі ережелері мен Өкіл қызметінің міндеттері туралы ақпарат берілді.

Сондай-ақ Қазақстан Республикасының Конституциясына енгізілген соңғы өзгерістер мен толықтыруларға тоқталып, олардың адам құқықтарын қорғау жүйесін күшейтуге, әділдік қағидаттарын нығайтуға және мемлекеттік басқарудың тиімділігін арттыруға бағытталғаны атап өтілді.
Іс-шара аясында кітаптар табыстау рәсімі өтті. Бұл бастама Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаевтың бастамасымен жүзеге асырылып жатқан, қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің кітапхана қорын толықтыруға бағытталған қайырымдылық акциясы шеңберінде ұйымдастырылды. Осы ретте Өкіл және "Еркіндік рухы" комиссиясының мүшесі тарапынан мекемеге 50-ден астам көркем әдебиет табысталды.

Қазіргі таңда мекеме кітапханасының қоры 3852 дананы құрайды.
