Абай облысында "Таза Қазақстан" акциясы аясында 5 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді
Абай облысында "Таза Қазақстан" акциясы аясында 5 мыңнан астам құқық бұзушылықтың жолы кесілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысында қоғамдық тәртіпті сақтау және қоршаған ортаның тазалығын қамтамасыз етуге бағытталған республикалық "Таза Қазақстан" акциясы жүйелі түрде жүзеге асырылуда. Аталған бастама елді мекендердің санитарлық жағдайын жақсартуға, азаматтардың экологиялық мәдениетін арттыруға және ортақ пайдаланылатын аумақтарды ұқыпты ұстауға бағытталған маңызды қоғамдық жобаға айналды.
Акция аясында өңірде абаттандыру қағидаларын сақтау, инфрақұрылым нысандарын қорғау, қоғамдық орындарды ластауға жол бермеу, жасыл желектер мен саябақтарды сақтау бағытында кешенді жұмыстар жүргізілуде.
Жыл басынан бері Абай облысының аумағында 5416 әкімшілік құқық бұзушылықтың жолы кесілді. Оның ішінде:
— ортақ пайдаланылатын орындарды ластау – 430 дерек;
— қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру қағидаларын бұзу, инфрақұрылым нысандарын бүлдіру, жасыл екпелерді жою және зақымдау – 4986 дерек.
Анықталған құқық бұзушылықтардың бір бөлігі жедел басқару орталығының бейнебақылау жүйелері арқылы тіркелген. Заманауи цифрлық бақылау құралдарының көмегімен құқық бұзушылықтарды дер кезінде анықтап, тиісті шаралар қабылдау мүмкіндігі артып отыр. Бұл қоғамдық орындардағы тәртіпті нығайтып, азаматтардың жауапкершілігін арттыруға ықпал етеді.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері профилактикалық жұмыстарға ерекше мән беруде. Учаскелік полиция инспекторлары тұрғындармен кездесулер өткізіп, санитарлық талаптарды сақтау, қоғамдық орындарды таза ұстау және қоршаған ортаға ұқыпты қарау мәселелері бойынша түсіндіру жұмыстарын жүргізуде.
Абай облысының полиция департаменті тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарап, заң талаптарын сақтауға шақырады. Әрбір азамат өз ауласынан бастап тазалықты қамтамасыз етсе, қала мен ауылдардың көркі артып, өңірдің экологиялық ахуалы жақсара түседі.
