Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында полиция мен күзет қызметінің бірлескен жұмысы жолға қойылды

Абай облысында күзет қызметі мен полицияның бірлескен жұмысы жолға қойылған, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысында полиция департаменті мен жеке күзет агенттіктері қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету және қылмысқа қарсы іс-қимылды күшейту бағытында тығыз ынтымақтастық орнатқан. Бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп, бірлескен гарнизондық таралымдар мен тәжірибелік іс-шаралар арқылы қауіпсіздік жүйесінің тиімділігі тұрақты түрде тексерілуде.

Қазіргі таңда облыс аумағында 107 жеке күзет агенттігі тіркеліп, олардың құрамында 2274 қызметкер қызмет атқарады. Сонымен қатар 15 фирма-оператор орталықтандырылған бақылау пультіне қосылған, бұл өз кезегінде күзет қызметінің жеделдігін арттырып, кез келген құқық бұзушылыққа дер кезінде әрекет етуге мүмкіндік береді.

Күзет қызметін бақылау тобының бастығы Медет Анаркуловтың айтуынша, жеке күзет ұйымдары қоғамдық тәртіпті сақтау ісінде маңызды рөл атқарады. Олар полиция департаментімен жасалған меморандум аясында бірлесіп жұмыс істейді. Бұл құжат күзет қызметінің құқықтық негізін айқындап, олардың міндеттері мен жауапкершілігін нақтылайды. Бүгінде облыстағы барлық жеке күзет ұйымдарымен тұрақты байланыс орнатылып, өзара іс-қимыл жүйелі жолға қойылған.

Абай облысында полиция мен жеке күзет құрылымдары бірлесіп, азаматтардың мүлкін қорғау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында белсенді жұмыс жүргізуде. Тұрғын үй кешендері, сауда орталықтары, қоғамдық орындар мен стратегиялық нысандарда тәулік бойы бақылау ұйымдастырылған.

Осылайша, полиция мен жеке күзет агенттіктерінің өзара үйлесімді жұмысы өңірдегі заңдылық пен тәртіпті нығайтып, қылмыс деңгейін төмендетуге айтарлықтай ықпал етуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру