Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылордада сотталған азаматтар Қарттар үйінде рухани кеш ұйымдастырды

Қызылордада сотталған азаматтар Қарттар үйінде рухани кеш ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №37 мекеменің ұйымдастыруымен Қарттар үйінде тағылымды шара өтті. Мекеме әкімшілігі жазасын өтеп жатқан өнерлі азаматтарды Қызылорда қаласындағы Қарттар үйіне апарып, концерттік бағдарлама ұсынды.

Іс-шараға мекеме бастығының орынбасары Жеңіс Ернияз, тәрбие бөлімінің бастығы Бауыржан Сәметов және Адам құқықтарын қорғау жөніндегі бас маман Камшат Шарипбаевна Мадиева қатысты.

Он жеті сотталған азамат қарияларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ән шырқап, күй тартып, жүрекке әсер ететін өлеңдер оқыды. Домбыраның күмбірі мен әсем әуен қарттардың көңілін серпілтіп, кештің ерекше әсерлі өтуіне ықпал етті.

Концерт барысында халық әндері орындалып, туған жер, ана мен өмір тақырыбындағы тағылымды шығармалар оқылды. Қариялар да өнер көрсеткен азаматтарға ақ батасын беріп, ризашылықтарын білдірді.

— Көңіліміз бір серпіліп қалды. Домбыра тартып, ән айтып, концерт қойды. Осындай жақсы көңіл күй сыйлаған мекеме әкімшілігіне және келген азаматтарға алғысымыз шексіз, — деді Қарттар үйінің тұрғындары.

Шараның басты мақсаты — жазасын өтеушілерді адамгершілікке, мейірімділікке баулу және олардың қоғаммен рухани байланысын нығайту.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру