Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Отыз жылдан астам уақыт заң мен тәртіп күзетінде

Полицей формасының артында қоғам қауіпсіздігін өмірлік мұратына айналдырған азамат тұрады. Солардың бірі – Жамбыл облысы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасы процессингтік орталығының инспекторы Дулат Құрманәлиев туралы Polisia.kz сайтынан оқыңыздар.

Ол ішкі істер органдарындағы қызмет жолын 1992 жылы бастады. Алматы жоғары милиция мектебін үздік тәмамдаған жас маман алғашқы күннен-ақ кәсібилігімен, жауапкершілігімен және принципшілдігімен ерекшеленді.

Қызмет барысында Дулат Құрманәлиев қылмыстық іздестіру, тергеу және әкімшілік полиция салаларында түрлі лауазымдарды атқарып, мол тәжірибе жинақтады. Оған қоғамда үлкен резонанс тудырған ауыр және аса ауыр қылмыстарды қоса алғанда, күрделі қылмыстық істерді тергеу сеніп тапсырылды. Әрбір істі қарау заңнаманы терең меңгеруді ғана емес, сонымен қатар сабырлылықты, әділдікті және азаматтар алдындағы жоғары жауапкершілікті талап етті.

Әріптестерінің айтуынша, Дулат Айдарханұлының басты қасиеттері – адалдық, әділдік және таңдаған мамандығына деген берік ұстаным. Оның бай тәжірибесі, салмақты шешім қабылдай білу қабілеті және кәсіби білімін әріптестерімен бөлісуге әрдайым дайын болуы ұжым ішінде ерекше құрметке ие етті. Әсіресе жас қызметкерлер оны кәсіби бағыт-бағдар беретін тәлімгер ретінде бағалайды.

Оның жоғары кәсіби біліктілігі республикалық деңгейде де лайықты бағаланды. 2004 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің бұйрығымен Дулат Құрманәлиевке "Қазақстан Республикасының үздік тергеушісі" құрметті атағы берілді.

2015 жылдан бері ол әкімшілік полиция басқармасының процессингтік орталығында қызметін абыроймен жалғастырып келеді. Осы уақыт ішінде адал еңбектің, қызметтік борышқа деген жауапкершіліктің және өз ісіне шынайы берілгендіктің жарқын үлгісін көрсетті.

Мінсіз қызметі үшін ол ҚР ІІМ Құрмет грамотасымен, "Үздік қызметі үшін" төсбелгісімен, "Қазақстан полициясына 25 жыл" және "Қазақстан Республикасының ішкі істер органдарының ардагері" медальдарымен, сондай-ақ бірқатар ведомстволық наградалармен марапатталған.

Отыз жылдан астам уақытқа созылған қызмет жолы Дулат Айдарханұлы үшін жай ғана мамандық емес, өмірлік ұстаным мен азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісіне айналды. Оның тағылымды еңбек жолы адалдықтың, табандылықтың және кәсібиліктің арқасында әріптестердің құрметіне, халықтың сеніміне ие болуға болатынын дәлелдейді.

Қазақстан полициясы күні қарсаңында осындай қызметкерлер ішкі істер органдарының абыройын асқақтатып, жас буын тәртіп сақшыларына үлгі болып келеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру