Астанада шетелдік азаматтың жоғалған үй жануары табылып, иесіне қайтарылды
Астана қаласында полицияға шетел азаматы сегіз айлық хаски тұқымдас итінің жоғалғаны туралы хабарлап, оны іздеуге көмек сұрап жүгінді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ер адамның айтуынша, Мәңгілік Ел даңғылы бойымен серуендеп жүрген кезде үй жануары кенеттен қашып кетіп, көзден таса болған. Өз күшімен жүргізген іздеу жұмыстары нәтиже бермеген соң, ол полицияның көмегіне жүгінген.
Хабарлама түскен бойда полиция қызметкерлері жедел іздестіру шараларын бастап, иттің соңғы рет байқалған аумағын тексерді. Сондай-ақ оның қозғалыс бағытын анықтау мақсатында бейнебақылау камераларының жазбалары зерделенді.
Бұл оқиға елорда тұрғындарының жанашырлығының арқасында сәтті аяқталды.
Кейін анықталғандай, көшеде кетіп бара жатқан азамат иесіз жүрген хаскиді байқап, бейжай қалмаған. Алдымен ол жануарды таксимен ветеринарлық клиникаға апарып, микрочип арқылы иесін анықтауға әрекет жасаған. Алайда байланыс деректерін табу мүмкін болмағандықтан, итті уақытша өз үйіне алып барып, оған қажетті күтім көрсеткен.
Осы уақытта үй жануарының иесі әлеуметтік желілерде оның жоғалғаны туралы хабарландыру жариялаған. Жазбаны көрген азамат бірден иесімен байланысқа шығып, нәтижесінде хаски аман-есен өз иесіне қайтарылды.
Шетелдік азамат сүйікті үй жануарын табуға және қайтаруға атсалысқан полиция қызметкерлері мен бейжай қалмаған тұрғындарға шынайы ризашылығын білдірді.
Бұл оқиға азаматтардың жанашырлығы, жауапкершілігі және өзара қолдауы кез келген күрделі жағдайдың оң шешімін табуға ықпал ететінін тағы бір мәрте дәлелдеді. Осындай игі істер қоғамдағы өзара сенім мен сыйластықты нығайтып, қиын сәтте көмек қолын созу адамгершіліктің маңызды құндылықтарының бірі екенін айқын көрсетті.
