Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында ювеналды полиция қызметкерлері жазғы демалыс кезінде жұмысты күшейтті

Жазғы демалыс кезеңінде Павлодар облысының ювеналды полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың қатысуымен немесе оларға қатысты жасалатын құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды күшейтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жасөспірімдер көп жиналуы мүмкін орындарда тұрақты түрде профилактикалық рейдтер жүргізілуде. Іс-шаралар барысында полиция қызметкерлері түнгі уақытта ересектердің қарауынсыз көшеде жүрген кәмелетке толмағандарды анықтады. Тәртіп бұзған жасөспірімдер заңды өкілдеріне тапсырылды. Аталған фактілер бойынша ата-аналарына қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, профилактикалық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

– Балалардың өмірі мен денсаулығын қорғау – әрбір ересек адамның басты міндеті. Жазғы демалыс кезінде балаларға төнетін қауіп арта түседі. Бұған ауа райы, балалардың қызығушылығы, бос уақыттың көбеюі және, ең бастысы, ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі себеп болуы мүмкін. Жасөспірімдердің өз бетінше әрекет етуге ұмтылысы көбіне бақылаусыз уақыт өткізумен ұштасып, түрлі құқық бұзушылықтарға алып келуі ықтимал, – дейді Павлодар облысы полиция департаменті қоғамдық қауіпсіздік басқармасының бастығы Азамат Күркебаев.

Айта кетейік, жыл басынан бері кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғынжайдан тыс жерде заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз болуына байланысты 1459 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

Полиция қызметкері 18 жасқа толмағандардың заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз түнгі уақытта үйден тыс жерде болуына заңмен тыйым салынғанын еске салды. Атап айтқанда, ойын-сауық орындарында кәмелетке толмағандардың сағат 22:00-ден 06:00-ге дейін, ал тұрғынжайдан тыс жерде сағат 23:00-ден 06:00-ге дейін заңды өкілдерінсіз жүруіне жол берілмейді.

Полиция ата-аналарды жазғы демалыс кезінде балаларының бос уақытын бақылауда ұстап, олардың қауіпсіздігіне жауапкершілікпен қарауға шақырады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру