Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Павлодар облысында иттерді серуендету тәртібін сақтамағандар жауапқа тартылды

Павлодар облысында иттерді серуендету тәртібін сақтамағандар жауапқа тартылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Иттердің қарғыбаусыз және тұмылдырықсыз серуендеп жүргені туралы хабарламалар полицияға жиі түседі. Үй жануарларының иелері иттің жуас әрі момын болғанына қарамастан, әсіресе ірі тұқымды иттер айналадағы адамдарға қауіп төндіруі мүмкін екенін естен шығармауы қажет.

Мәселен, Павлодар қаласының полициясына Назарбаев көшесіндегі дүкен маңында алабай тұқымды иттің қараусыз, тұмылдырықсыз жүргені туралы хабарлама түскен. Дүкенге келген тұрғындар сыртқа шығуға қорқатынын айтқан. Себебі ит өтіп бара жатқан адамдардың барлығына үріп, алаңдаушылық туғызған.

Учаскелік полиция инспекторы иттің иесін анықтады. Үй жануарының иесі иттің шынжырынан үзіліп, қашып кеткенін түсіндірді.

Осыған ұқсас тағы бір шақырту Алматы көшесіндегі үй тұрғындарынан түскен. Зейнеткер әйелдің айтуынша, үйдің маңында жүрген иттер адамдарға тап беріп, тұрғындарға қауіп төндірген.

- Немерем мектептен келгенде, иттер агрессивті болғандықтан, подъезге кіре алмай қалған. Бала қатты қорқып қалды, – деді ол.

Полиция қызметкерлері ит иелерімен профилактикалық әңгіме жүргізіп, үй жануарларын ұстау және серуендету ережелерін түсіндірді.

Айта кетейік, өткен жылы облыста үй жануарларын серуендету талаптарын сақтамағаны үшін 1600-ден астам тұрғын әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

Полиция ескертеді: Үй жануарларының иелері мен оларға жауапты тұлғалар адамдар мен жануарлардың денсаулығына қауіп төндірмейтін, сондай-ақ қоршаған ортаға зиян келтірмейтін жағдайларды қамтамасыз етуге міндетті.
Қолданыстағы ережелерге сәйкес, жеке тұрғын үйлердің иелері иттерді олардың ауладан қашып кетуіне жол бермейтін жағдайда ұстауы тиіс. Сонымен қатар ауланың кіреберісіне ит бар екені туралы ескерту тақтайшасын орнату қажет.
Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру