Атырауда жол ережесін өрескел бұзған жүргізушілер тоқтатылды
Атырау қаласында жол-көлік оқиғаларының алдын алу және жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы рейдтік іс-шаралар жалғасуда, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері рейд барысында көлік құралын басқару құқығынан айырылғанына қарамастан, автокөлік басқарған үш жүргізушіні анықтады. Олардың қатарында Lada Niva және Hyundai Elantra автокөліктерінің, сондай-ақ Yamaha мотоциклінің жүргізушілері бар.
Аталған фактілер бойынша жүргізушілерге қатысты әкімшілік хаттамалар толтырылып, іс материалдары заңнамада белгіленген тәртіппен мамандандырылған әкімшілік сотқа жолданды.
Сонымен қатар рейд барысында Subaru автокөлігінің жүргізушісі жолдағы қос тұтас сызықты кесіп өтіп, қарсы қозғалыс жолағына шыққаны анықталды. Жүргізушіге қатысты қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті әкімшілік шара қабылданды.
Полиция жүргізушілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға, көлік құралын мас күйінде басқармауға және жол қауіпсіздігі талаптарына жауапкершілікпен қарауға шақырады.
Жолдағы қауіпсіздік – әр жүргізушінің жауапкершілігі.
