Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда үздік жедел уәкілдер марапатталды

Алматыда қылмыстық іздестіру қызметі күніне арналған салтанатты іс-шара өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел бөлімшелер қызметкерлерін марапаттауға Алматы қаласы полиция департаментінің бастығы Айдын Кабдулдинов, ведомство басшылығы, жедел-іздестіру қызметінің ардагерлері, сондай-ақ қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің туған-туыстары қатысты.

Қылмыстық іздестіру қызметі – полиция жұмысындағы ең күрделі әрі жауапты бағыттардың бірі. Жедел уәкілден жоғары кәсіби дайындықпен қатар, батылдық, принципшілдік, сабырлылық және қиын жағдайда жедел шешім қабылдай білу талап етіледі.

– Жедел қызмет полиция жұмысының маңызды бағыттарының бірі болды және солай болып қала береді. Ашылған әрбір қылмыстың артында қызметкердің тынымсыз еңбегі, кәсіби білімі мен тәжірибесі, жедел пайымы және кейде жеке басына төнетін тәуекелі жатыр. Бұл қызметте антқа адалдық, принципшілдік және нәтижеге деген жауапкершілік айрықша маңызды. Бүгін біз жоғары көрсеткішке қол жеткізген қызметкерлерді ғана емес, соңына дейін антына адал болып, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан әріптестерімізді де еске алып, құрмет көрсетеміз, – деді Айдын Кабдулдинов.

Салтанатты жиында жедел-іздестіру қызметінің ардагерлеріне де құрмет көрсетілді. Олардың мол тәжірибесі мен кәсіби дәстүрлері жас қызметкерлерді даярлауда және ұрпақтар сабақтастығын қалыптастыруда маңызды рөл атқарады.

Іс-шара барысында жедел бөлімшелердің 250-ге жуық қызметкері адал қызметі, кәсіби шеберлігі және жедел-қызметтік жұмыста жоғары нәтижелерге қол жеткізгені үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Алматы қаласы полиция департаменті бастығының бұйрықтарымен марапатталды.

Шараның ерекше сәттерінің бірі – қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полицейлердің отбасыларына құрмет көрсету болды. Олардың есімі Алматы полициясының тарихында сақтаулы. Қаза тапқан қызметкерлердің ерлігі мен антқа адалдығы кейінгі буынға үлгі.

Мерекелік кеш Ұлттық ұлан оркестрінің қатысуымен өткен концерттік бағдарламамен жалғасты.

Салтанатты іс-шара кәсіби мерекені атап өтумен қатар, қылмыспен күрес жолында еңбек етіп жүрген полицейлердің қызметіне құрмет көрсетуге және қызметтік борышын орындау кезінде қаза тапқан әріптестердің есімін ұлықтауға арналды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру