Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Абай облысында 300-ден астам пробация есебіндегі адамға рақымшылық жасалды

Абай облысында 300-ден астам пробация есебіндегі адамға рақымшылық жасалды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінде Қазақстан Республикасының жаңа Конституциясының қабылдануына байланысты рақымшылыққа іліккен 300-ден астам сотталған бар.
Қазіргі уақытта Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі пробация қызметінің есебінде 700-ге жуық адам тұр.

Рақымшылық аясында 230-дан астам адамның жазасын өтеу мерзімі қысқартылып, шамамен 70 адам жазасын одан әрі өтеуден босатылды. Солардың бірі – Абай облысының 62 жастағы тұрғыны. Ол бөтеннің мүлкін жымқырғаны үшін екі жылға бас бостандығын шектеу жазасына сотталған. Сонымен қатар оған бір жыл мерзімге коммерциялық ұйымдарда материалдық жауапты лауазымдарды атқаруға тыйым салынған.

— Мұндай жағдайға тап боламын деп ешқашан ойламадым. Жақында зейнетке шығып, балаларымның қасында тұрып, немерелерімді бағып, отбасыммен бірге уақытымды тыныш өткізуді армандадым. Алайда қателікке бой алдырып, оңай ақша тапқым келді. Соның салдарынан жазаға тартылдым. Өзімнің жасаған әрекетім үшін туған-туыстарымның алдында қатты ұялдым. Екі балам – ұлым мен қызым, үш немерем бар. Рақымшылыққа іліккеніме өте қуаныштымын. Маған қателігімді түзетіп, өмірімді қайта бастауға мүмкіндік берген мемлекетке алғысымды білдіремін. Ендігі мақсатым – туған-туыстарымның жанында тыныш өмір сүріп, балаларыма көмектесіп, немерелерімнің қызығын көру, – деп бөлісті сотталған әйел.

—  Пробация қызметінің басты мақсаты – есепте тұрған адамдарға түзелу жолына түсуге, заң талаптарын сақтауға және қоғамға бейімделуге көмектесу. Рақымшылық – есепте тұрған адамдарға өз қателіктерін қайта саралап, отбасына оралып, қалыпты өмірін жалғастыруға мүмкіндік беретін маңызды шара. Дегенмен әрбір адам өз іс-әрекеті үшін жауапты екенін түсінуі керек. Абай облысы бойынша пробация қызметінің қызметкерлері есепте тұрған адамдармен жұмыс жүргізуді жалғастырып, олардың түзелуіне, заң талаптарын сақтауына және қоғамға қайта бейімделуіне қолдау көрсетуде, – деп атап өтті Абай облысы бойынша пробация қызметтеріне басшылық жасау бөлімінің бастығы Асанали Диханов.
.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру