Абзал жанды дәрігер
Бүгінгі күнде бүкіл әлем жұртшылығы бұрын оңды-солды өрмеген індетке ұшырап, тарихтан ғана естіген оба, «испанка» тәрізді жұқпалы аурудың пандемиясын көріп отыр. Осындай кезеңде дәрігер мамандығы ерекше сұраныста екені мәлім. Бұл мамандық иелерінің жауапкершілігі де мол, атқаратын жұмыстары да ауқымды. Қызығы мен шыжығы қатар жүретін осынау маңызды салаға бүкіл өмірін арнап келе жатқан ақ халатты абзал жандар қаншама. Соның бірі, осы мақаланың кейіпкері Мұхтарғазы Есенжанұлы Тулеутаев!
Дәрігер – табандылық пен терең білімді талап ететін мамандық. Ал бір әулетте бір неше жанның осы жолды таңдауы жауапкершілікті екі есе арттырары сөзсіз. Дәрігерлікті ұрпақтан-ұрпаққа жалғаған Тулеутаевтар әулеті еліміздегі медицина саласының өркендеуіне үлес қосып келеді. Мұхтарғазы Есенжанұлы, дәрігер апайы Гүлнәр мен ағасы Мұхтарға еліктеп, мектеп қабырғасын бітірген соң, дәрігер мамандығын таңдады.
Семей облысы Ақсуат ауданының тумасы, Мұхтарғазы ағамыз өзінің еңбек жолың Семей облысы, Бесқарағай ауданында хирург лауазымынан бастаған. Содан әскери борышын атқарғаннан кейін, 1990 жылы Жезқазған облыстық ауруханасында хирургия бөлімінде қызмет жасап, қаланың бас хирургі лауазымына дейін өсті.
Білікті хирург, әріптесіміз, негізінен бала кезінен әскери адам болғысы келетінін әңгіме арасында айтып отыратын. Балалық шағында полковник погонымен әскери киімдегі түскен фотосуретін көрсетіп, мен де полковник болсам деп ойлайтынмын дейтін. Сол арманы жетелеген болу керек, 1995 жылы біз қызмет атқарып жүрген Семей қаласындағы ОВ 156/15 мекемесіндегі Республикалық соматикалық ауруханасының хирургия бөлімшесінің бастығы лауазымына тағайындалды.
Өз ісіне асқан жауапкершілікпен қарай білетін іскер басшы, өзін кәсіби маман, қашанда ел мүддесін басты міндет санайтын айтулы тұлға ретінде таныта білді. Мұхтарғазы ағамыздың әрбір ісіне, оның біліктілігіне, жұмысқа деген құштарлығына қайран болдық. Аурухананың табалдырығын аттаған жас мамандарға үнемі қолдау көрсетіп, тәжірибесімен бөлісіп, әріптестеріне үлгі болды.
1990-шы жылдар хирургия күлдіреп тұрған болатын. 60 төсектік бөлімшеде 120-ға дейін науқас жататын. Сол жылдан бастап мекеменің хирургиясы өзінің жоғары өрлеуін бастады. Күніне бірнеше ота жасалды, тіпті жоспарлап түнгі сағат 11-12-де келіп дәрігерлер ота жасаған кездері болды. Сонда ағамыз әрбір салада өзінің кеңесін беріп, науқасты емдеу стратегиясына нұсқау беріп, тәжірибесімен бөлісе білді. Мамандығының қыры мен сырын жетік меңгерген осындай білікті дәрігерден тәжірибе жинақтап, жастар да сондай болуға талпынды.
1996 жылы Республикалық соматикалық ауруханасының бас дәрігері К.Ә.Казкеев зейнетке шығып орнына Мұхтарғазы Тулеутаев тағайындалды. Он жылдан артық сол аурухананы басқарып, көптеген жаңалықтар енгізді. Қазақстан мен Орта Азия мемлекеттерінің пенитенциарлық жүйесінде тарихта алғаш рет көздің жасанды қарашығы салынып, осы ауруханада кейіннен жоспарлы түрде жасалатын болды. Адамның ең үлкен тамыры – аортаның протезі, Илизаров әдісімен емдеу жүргізіп, жарақаттан кейін қысқарған сирақты бұрынғы қалпына келтіру отасы да жасалды.
2007 жылы Мұхтарғазы Есенжанұлы Өскемен қаласындағы қылмыстық атқару жүйесінің департамент басшысының емдеу-алдын алу жұмысы бойынша орынбасары болып абыройлы қызмет етті. Ол жерде тыным таппай, бір мекеменің емес, бүкіл ШҚО-ның пенитенциарлық жүйесінің медицина қызметін көтерді.
2009 жылы өзі армандағандай полковник шенінде зейнетке шықты. Зейнеткерлікке шыққаннан кейін медицина саласында жүгі ауыр, қатерлі ісіктер диспансеріне жұмысқа орналасып, қазіргі таңда Семей қаласының Ядролық медицина және қатерлі ісіктер орталығы директорының орынбасары ретінде қызметін жалғастырып келеді.
Өз ісіне ұқыптылығы мен адалдығының арқасында ол әріптестер арасында үлкен бедел иесі атанған абыройлы жан.
Мұхтарғазы ағамыз сегіз қырлы бір сырлы жігіт екенің айтып кету керек. Очерктер, достары, әріптерстері туралы мақала жазып газет-журналдарға шығарып жүретінің білгеміз. Ол кісі ән салуды жақсы көреді, біз оған тамсанып, таң қалып, той-домалақтарда өтініп ән салуды сұраймыз. Бірақ ағамыздың тағы бір өнері бар екенің білмеппіз. Ол кісі шабыты келген кезінде өлен де жазады екен. Қазіргі бүкіл әлемге ауыр дерт келген жағдайда біздің ағамыз адам ретінде, дәрігер ретінде шетте қалған жоқ. Туыстарды, отандастарды сабырлыққа шақырып жазған өленнің бір-екі шұмағын сіздерге сыйлағым келіп тұр:
Бір күнде өзгерген әлем
Бір ақ күнде өзгерді бүкіл әлем,
Мемлекет не, жабылды континенттер.
Алаңдау да, әлемге ақыл айтқан,
Америка, Қытайың, Европамен.
Күллі әлемге осы дерт жайылғанда
Көмек бердік өзге елге барынша.
Ең басында жинап алдық жат елден,
Жерлестерді қонақтаған жан-жақта.
Тіледік амандық туыстарға,
Аспан астын қоныстаған бар жұртқа.
Италияны ұмытпадық батамызда,
Қосылды кейін оған АҚ-ң да…
Сабыр сақта жерлестер, сабыр сақта,
Қазағым бас имеген талай сынға!
Аталарым айтушы еді бұндайда
«Битке өкпелеп, тонынды отқа жақпа!»
Өмірлік жары Фаузия жеңгеміз екеуі бір қыз, бір ұл тәрбиелеп, немере сүйіп отырған жайы бар. Қызы Айғаным әкесінің ізі жолын қуып, медицина саласында қызмет етсе, ұлы Олжас Назарбаев Университетін тәмәмдаған.
Саналы ғұмырын медицина саласына арнаған Мұхтарғазы Есенжанұлы 60 жастың асқарына шыққан мерейтойымен құттықтап, алдағы кездерде де ел алғысын алып, алға қойған мақсаттарыңызға жетіп, отбасыңызбен бірге болып, ата-әже бақытына бөлініп, ұзақ ғұмыр кешіңіз деген тілек айтамыз!