Қызылорданың екі азаматы бұлақ түбіне есірткі еккен
Бұлақ жанында есірткі еккен Қызылорда облысының екі тұрғыны ұсталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2020 жылы 19 шілде күні қызылордалық полицейлермен Жаңақорған ауданы, Қосүйеңкі ауылынан 40 шақырым жерде орналасқан «Бота соққан» деп аталатын жерде бұлақ жанында егілген 240 түп сора өсімдігі (жалпы салмағы 14 кг. 383,28 гр.) және 100 түп көкнар өсімдігі (жалпы салмағы 653,42 гр.) анықталды.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Жаңақорған ауданының екі тұрғыны ұсталды. Сонымен қатар, күдікті азаматтарды тексеру барысында полиэтилен пакетке оралған кептірілген шөп ұнтақтары айғақ зат ретінде алынды. Сараптама қорытындысымен алынған ерекше иісі бар зат «кептірілген марихуана» екені анықталған. Күдіктілер уақытша ұстау абақтысына қамаққа алынды. Қазіргі таңда бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 300-бабының 2-бөлігімен «Ірі мөлшерде өсiруге тыйым салынған өсiмдiктердi егу немесе өсiру немесе сораның, көкнәрдiң немесе құрамында есiрткi заттар бар басқа да өсiмдiктердiң сұрыптарын егіп-өсіру» сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.