Карантин кезінде той жасаған шымкенттік жауапқа тартылды
Шымкенттік полицейлер қаулы ережесін елемей той өткізген жайтты анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өзінің ғана емес, өзгелердің өміріне қауіп төндірген той ұйымдастырушыларының бейнежазбасы әлеуметтік желіде жарияланған. Видео жазбадан қонақтардың ешбірі бетперде тақпағаны және әлеуметтік ара қашықтықтың сақталмағанын аңғару қиын емес. «Facebook» әлеуметтік желісінде жарияланған думанды тойдың кадрын желі қолданушысы полиция қызметкерлеріне жіберген. Хабарлама бойынша Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел уәкіл қызметкерлері бұл жайт 19 тамыз күні сағат 22:20 шамасында Шымкент қаласы Тельман бөлімшесі, Қ.Дауылов көшесінде өтіп жатқан қыз ұзату тойы екенін анықтады.
Тәртіп сақшылары аталған жайт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 425-бабы (Халықтың санитарлық-эпидемиологиялық салауаттылығы саласындағы заңнама талаптарын, сондай-ақ гигиеналық нормативтерді бұзу) бойынша жинақталған іс-құжаттарды Абай ауданының Тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігінін бақылау басқармасына заңды шешім қабылдау үшін жолданды.