Ақтөбеде сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті
Ақтөбеде ҚР Ата заңының 25 жылдығына орай сотталғандар арасында спорттық жарыс өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысы бойынша ҚАЖ департаментіне бағынысты КА-168/1 мекемесінде ҚР Ата заңының қабылданғанына 25 жыл толу мерекесіне орай, сотталғандар арасында психология және тәрбие бөлімінің ұйымдастыруымен, сондай-ақ, «Сенім Тірек» қоғамдық бірлестігінің қолдауымен эстафета спорттық іс-шарасы өтті.
Тоғыз кезеңнен тұрған спорттық іс-шара барысында сотталғандар арасынан құрылған төрт команда өзара сайысқа түсті. Спорттық жарыстың өтуіне «Сенім Тірек» қоғамдық бірлестігінен спорт төрешісі Алмат Жангелдин және аталған қоғамдық бірлестіктің психологы Ләйлім Бермағанбет, сондай-ақ ҚАЖ департаментінің «арнайы контингент арасында әлеуметтік психологияқ тәрбие жұмысы» бөлімінің психологы Нұргүл Жумагулова төрешілік етті.
– Спорттық іс-шараның мақсаты – сотталғандар арасында ҚР Ата заңы мерекесінің маңыздылығын және дене шынықтыру мен салауатты өмір салтын насихаттай отырып, оларды қоғамға бейімдеу. Жалпы, спорттық жарыс өз деңгейінде өтіп, сотталғандарға мерекелік көңіл-күй сыйлады,- дейді КА-168/1 мекемесінің АКАӘПТЖБ жасақ бастығы Арман Панабек.
Спорттық жарыстың қорытындысымен, жүлделі орын алған командаға «Сенім Тірек» қоғамдық бірлестігінің демеушілігімен алынған сыйлықтар және қоғамдық бірлестіктің атынан мақтау қағаздары табысталды. Сонымен қатар, іс-шара барысында белсенділік танытқан сотталғандар да жеке-жеке мақтау қағаздарымен марапатталып, мекеменің тәрбие бөлімі оларды көтермелеу шарасын беру туралы құжаттарды мекеме комиссиясына ұсынды.