Тұрғындар учаскелік полицейді марапаттауды ұсынды
Шымкентте тұрғындар халыққа аянбай қызмет етіп жүрген учаскелік полицейді марапаттауды ұсынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүкіл әлемді әбігерге салған қауіпті індетпен күресте тәртіп сақшылары аянбай еңбек етті. Жұмыс барысында сала өкілдері халықпен кері байланысты нығайта отырып, карантин режиміне байланысты шектеулер мен санитарлық нормалардың сақталуына айрықша көңіл бөлді.
Мәселен, қала тұрғындары мен қонақтарының жиі баратын орындарының бірі – Қошқар-ата өзенінің жағалауы. Демалыс орнының аумағына жауапты полиция инспекторына жергілікті қала тұрғыны Жамбыл Тәңірбердиев үлкен рахметін айтып, антына адал тәртіп сақшының шенін жоғарылатып, марапаттау жөнінде өз ұсынысын жеткізді.
– Іңдеттің тарап кетпеуіне, қаламыздың Полиция басқармасының қызметкерлері де өз үлесін қосуда. Мысалы, Қошқар-Ата өзеннің бойында демалыс орны жайғасқан: көлемі -13 га, ұзындығы -1,6 км. Карантинге байланысты, осы жерде тәулік бойы кезекшілік жұмыс атқаратын полиция посты бар. Айтайын дегеніміз, биылғы жылдың сәуір айынан бастап бүгінгі күнге дейін қызмет атқарып жүрген Ерлан Төлебаев деген азамат жайында. Күнделікті өзіне бекітілген міндетіне жоғары жауапкершілікпен қарайды.
Құрметті Ералы Мұсаәліұлы, өз құзырыңызбен лейтенант Төлебаев Ерланды марапаттауға ұсынамыз. Елімізде жүріп жатқан оң өзгерістерде, ішкі істер саласында Ерлан сияқты біз білмейтін еңбекқор қанша азаматтар бар. Қарапайым қала тұрғындары осының барлығын біледі де, айтып жатқан алғысынан хабардармыз. Біз, тек Қошқар-Ата учаскесінде аянбай еңбек етіп жүрген Ерлан Төлебаевқа тынымсыз еңбектің жемісі мен жеңісін көрсін дейміз, жанұясына амандық пен қуаныштар тілейміз, – деді тұрғын Жамбыл Тәңірбердиев.