Кәмелет жасына толмаған қызын қайыршылық жасауға үйретіп жүрген әке полицияға жеткізілді
Кәмелет жасына толмаған қызын қайыршылық жасауға үйретіп жүрген әке полицияға жеткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ағымдағы жылдың 2 қазанында шамамен сағат 13:00-де Шымкент қаласы Полиция департаментінің Жедел басқару орталығына «102» сымтетігі арқылы Шымкент қаласы «Абай» саябағында ер азамат кәмелетке толмаған жасөспіріммен бірге ақша сұрап жүргені туралы хабарлама келіп түскен.
Хабарлама бойынша оқиға орнына жеткен Шымкент қаласы Полиция департаментінің Абай АПБ №1 Учаскелік полиция пунктінің учаскелік полиция инспекторлары аталған азамат пен жасөспірімді анықтап, полицияға жеткізіп, ер азаматпен профилактикалық сұхбат жүргізілді. Қайыршылық жасаған азамат 1957 жылы туған жергілікті тұрғын.
Сұхбат барысында аталған азамат осыған дейін Жамбыл облысында қайыршылық жасағаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылып, оған ескерту берілгені белгілі болды. Осыдан соң тәртіп сақшыларына Талдықорған қаласына қайту үшін ақша жетіспей жатқанын, зейнетақы алмайтынын айтып түсіндірген. Бір сөзінде балақайды немерем, енді бір сөзінде қызым деп таныстырған. Алайда қыздың туу туралы куәлігін тексеру барысында оның өз қызы екені анықталды. Аталған жайт бойынша ҚР ӘҚБтК-нің 449-бабы 2-бөлігімен әкімшілік хаттама толтырылып, жинақталған іс-құжаттар сотқа жолданады.