Аккумулятор ұрлаған күдікті 3 сағат ішінде ұсталды
Алматы облысының Алакөл ауданында аккумулятор ұрлаған күдікті үш сағат ішінде анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2021 жылғы 20 қаңтар күні кешке Алакөл ауданының полициясына телефон шалған тұрған Бескөл ауылының шетіндегі металл қабылдау орнынан аккумулятордың ұрланғанын хабарлаған.
Оқиға орнына жеткен полицейлер мән-жайды анықтады.
– Металл қабылдау орнында жұмыс істейтін 26 жастағы жігіттің аталған қылмысқа қатысы бар екені анықталды. Ол бұлтартпас айғақтардан кейін қылмысын мойындап, арнайы техниканың аккумуляторын ұрлап, танысына сатып жібергенін айтты. Аталған дерек бойынша ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабына (Ұрлық) сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр, – деді Алакөл ауданы полиция бөлімінің бастығы Қуат Оспанов.
Қылмыстың мән-жайын анықтау үшін тәртіп сақшыларына небәрі үш сағат керек болды. Олар күдікті сатқан аккумуляторды тәркілеп, заңды иесіне қайтарды.
Күдіктінің басқа да қылмыстарға қатысы бары тексерілуде.