Нұр-Сұлтан қаласында түзеу мекемесіне жеткізілген тәтті сыйлықтан «тосынсый» табылды
Нұр-Сұлтан қаласы Қылмыстық-атқару жүйесі департаменті ЕЦ-166/10 мекемесінің тексеру тобы мекемеге тыйым салынған затты өткізу дерегінің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған мекемеде жазасын өтеп жатқан сотталған азаматтың туысқаны әкелген сәлем-сауқаттың, атап айтқанда торттың ішіне жасырылған ұялы телефон табылып, тәркіленді.
Бастапқыда бүтін секілді көрінген кондитерлік өнім арнайы құрылғы- металлодетектормен тексеру барысында сыр берді.
Торт сыйлық жеткізілген сотталған азаматтың көз алдында туралып, оның ішінен тыйым салынған зат – су жаңа ұялы телефон алынды.
Бұл факт бойынша сотталғанды және «тәтті сыйлықты» жеткізген азаматты жауапкершілікке тарту үшін тиісті тексерулер жүргізілетін болады.