Өзіне сеніп тапсырылған малды талан-таражға салған жаңақорғандық қойшы әшкереленді
Қызылорда облысының Жаңақорған ауданында өзіне сеніп тапсырған малды сатып жіберген қойшы анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы Полиция департаменті Жаңақорған ауданының полиция бөліміне Бесарық ауылының тұрғыны арызданған. Ол 15 наурыз күні түнде ауылдағы шаруа қожалығынан алты бас қозысының қолды болғанын айтқан.
Полицейлер өткізген жедел-іздестіру іс-шараларының барысында күдікті анықталып, ұсталды. Ол қожалықтың қойшысы болып шықты, оның қозыларды сатып жібергені белгілі болды. Қозылар айғақ ретінде алынып, иесіне қайтарылды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 189-бабының 1-бөлігімен (Сенiп тапсырылған бөтен мүлiктi иемденiп алу немесе талан-таражға салу) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде.