БҚО-да полицейлер күшейтілген режимде қызмет атқаруда
1 қыркүйек күні Орал қаласы мен облыс аумағындағы 319 мектепке полиция қызметкерлері кезекшілікке қойылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылының басталуына орай БҚО полицейлері қызметтің күшейтілген нұсқасына көшті. Ең бірінші кезекте балалардың қауіпсіздігі мен жүріп-тұруы қатаң бақылауға алынды. Алғашқы білім күніне орай полиция қызметкерлері барлық мектептерде ата-аналар мен балалар арасында түсіндірме жұмыстарын жүргізіп, жадынамалар таратты.
Өңірде басталған «Абайлаңыз, балалар!» жедел алдын алу іс-шарасының дайындық кезеңі аяқталды. Шара барысында білім беру мекемелерінде тексеру жұмыстары жүргізілді. Анықталған кемшіліктерді жою бойынша жергілікті атқарушы органдарға 86 жазбаша нұсқама жолданды.
Облыс бойынша 82 мектепке дабыл түймелері орнатылып, 11 мектепке мамандандырылған күзет агенттіктерімен қамтамасыз ету шарттары жасалған. Сондай-ақ, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында білім беру мекемелері орналасқан 391 көше тексерілді. 146 учаскедегі жаяу жүргіншілер өткеліне жол белгілері қойылды, 97 жол белгісі ауыстырылып, 35 жасанды тежегіш кедір-бұдырлар орнатылды.
Биыл жеті айдың қортындысы бойынша облыс аумағында балалардың қатысуымен 33 жол-көлік апаты орын алған. Оның салдарынан 47 бала түрлі жарақат алып, үш бала көз жұмды.