Қызылордалық полицейлер қой бағуға шығып, боранды түнде жоғалған баланы тапты
Қызылордалық полицейлер қой бағуға шығып, боранды түнде жоғалған баланы тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
16 қарашада сағат 09:10 шамасында Қазалы ауданы Кәукей ауылдық округі Ажар елді мекенінің тұрғыны – 12 жастағы Жанарыс Дәулетбай есекке мініп, елді мекеннің кезекпен бағылатын шамамен 200 бас қойын шығыс беткейдегі 10-15 шақырымда орналасқан “Үш ағаш” деген мал жайылымдық жерге қарай бағыт алып, үйіне қайта оралмаған.
17 қарашада шамамен сағат 11:20 шамасында Қызылорда облысы ПД Қазалы ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Еркін Жақсылықов пен учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Самалбек Нысанбаев ауыл тұрғындарымен, шекара қызметкерлері, ауылдық округ әкімдігінің қызметкерлерімен бірлесіп жүргізген іздестіру шараларының нәтижесінде аудан орталығынан 210 шақырым қашықтықта жайылымдықтан 15 шақырым жерде сайдың ішінен жасөспірімді аман-есен тапты. Жоғалған мал да түгел табылды.
– Қазіргі уақытта аман табылған бала ата-анасына тапсырылды. Оның денсаулығына ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Полицейлер жасөспірімнің ата-анасымен профилактикалық жұмыстар жүргізіп, оқиғаның мән-жайларын анықтауда, – дейді Қызылорда облысы Полиция департаменті бастығы Сұлтан Бектөре.