Абай облысында сотталғандар бизнеске арналған павильондар жасауды қолға алды
Абай облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесінің орташа қауіпсіздік мекемесінде металл конструкциялар мен қолданбалы өнер бұйымдарын өндіретін өндірістік цехта еңбек ететін сотталғандар кафе мен азық-түлік сататын дүңгіршектер орналастыруға арналған павильондар жасауды бастады, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Өндіріс жеке тапсырыстар бойынша жүзеге асырылады. Павильондар берік металлокаркастан жасалып, заманауи сэндвич-панельдер қолдану арқылы дайындалады. Бұл олардың сапасын, ұзақ мерзімге шыдамдылығын және пайдалану талаптарына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
Бір павильонды дайындаудың орташа мерзімі 2-3 апта аралығы. Бүгінде сотталғандар алтыншы нысанбы дайындап үлгерді.
— Цехтағы жұмыс уақытты тиімді өткізумен қатар, нақты бір кәсіпті үйренуге мүмкіндік береді. Алатын жалақымыз арқылы сотпен белгіленген талап-арыздарды өтейміз, сондай-ақ жақындарымызға көмектесеміз. Бұл тәжірибе бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс табуға және жаңа өмір бастауға септігін тигізетініне сенімдіміз, — деді сотталған.
Сотталғандардың еңбекпен қамтылуы олардың әлеуметтік бейімделуіне, кәсіби дағдыларын қалыптастыруға және босатылғаннан кейінгі өмірге дайындалуына ықпал етеді.
Мұндай жобалар сотталғандар үшін де, мекеменің өндірістік әлеуетін дамыту үшін де маңызды.
Сотталғандарды еңбекке тарту олардың бос уақытын тиімді пайдалануға ғана емес, сұранысқа ие мамандықтарды меңгеруге мүмкіндік береді.
— Мұндай тапсырыстармен жұмыс істеу жауапкершілік пен тәртіпті қалыптастырып, бостандыққа шыққаннан кейін қажет болатын тәжірибелік дағдылар береді. Қазіргі таңда мекемеде 10 жеке кәсіпкер және бір жауапкершілігі шектеулі серіктестік жұмыс істейді, олар дәретхана қағазын, шаруашылық сабын және ағаштан жасалған ұлттық ыдыстар өндіреді, — деп атап өтті сотталғандардың еңбегін ұйымдастыру бөлімінің бастығы Куанышбек Туканов.
Мекемеде өндірістік қызметті дамыту және шығарылатын өнім түрлерін кеңейту жұмыстары жалғасып жатыр.
