Абай облысында тұрғындарға мыңнан астам жадынама таратылды
Абай облысында бір аптада есірткі қылмысына қарсы мыңнан астам жадынама таратылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы аумағында құқық қорғау органдары мен жастар ұйымдары өкілдерінің бірлескен профилактикалық іс-шаралары есірткі қылмысының алдын алуға бағытталған жүйелі жұмыстың маңызды бөлігіне айналып отыр.
Облыс аумағында дүниежүзілік нашақорлықпен күрес айлығына орай ауқымды ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылуда. Іс-шара барысында полиция қызметкерлері, прокуратура органдарының өкілдері, ювеналды полиция инспекторлары, жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма мамандары және "СОЦ KZ" қоғамдық қоры қызметкерлері жұмыла жұмыс атқарды.
Айлықтың негізгі мақсаты – қоғамда есірткі қылмысына қарсы тұрақты иммунитет қалыптастыру, жастар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және заңсыз айналымға қарсы қоғамдық бақылауды күшейту. Осы бағытта бір апта ішінде "Әрбір қылмыс анықталады" тақырыбында мыңнан астам ақпараттық жадынама таратылып, тұрғындарға, әсіресе жастарға есірткі заттарының зияны, олардың заңсыз айналымы үшін қарастырылған қылмыстық жауапкершілік, сондай-ақ құқық бұзушылықтың алдын алу тетіктері жан-жақты түсіндірілді.
Сонымен қатар кешкі және түнгі уақыттарда арнайы рейдтік іс-шаралар ұйымдастырылып, қоғамдық орындар, жастар жиі шоғырланатын аумақтар мен ойын-сауық нысандары тексерілді. Рейд барысында мамандар азаматтарға профилактикалық әңгімелер жүргізіп, құқықтық түсіндіру жұмыстарын күшейтті. Мұндай іс-шаралар құқық бұзушылықтың алдын алуға ғана емес, қоғам мен құқық қорғау органдары арасындағы өзара сенімді нығайтуға да ықпал етеді.
