Абай облысында жастар есірткіге қарсы акцияға белсенді қатысты
Абай облысы олиция департаментінің есірткіге қарсы іс-қимыл басқармасы салауатты өмір салтын насихаттау, есірткі қылмысының алдын алу және жастар арасында зиянды әдеттерге қарсы берік ұстаным қалыптастыру мақсатында "Есірткісіз қала – есірткіге жол жоқ" атты ауқымды концерттік-профилактикалық іс-шара ұйымдастырды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Шара қала тұрғындары мен қонақтары жиі жиналатын Арбат алаңында өтті. Ашық аспан астында ұйымдастырылған іс-шара бір реттік акция ғана емес, қоғамда есірткіге қарсы мәдениетті қалыптастыруға бағытталған кешенді профилактикалық жұмыстың бір бөлігі болды. Концертті шамамен 1500-ге жуық адам тамашалап, бағдарламаға белсенді қатысты.
Концерт барысында патриоттық рухты көтеретін, жастарды саналы таңдау жасауға үндейтін музыкалық қойылымдар ұсынылды. Әрбір өнер көрсетілімінде есірткіге қарсы күрес – тек құқық қорғау органдарының ғана емес, бүкіл қоғамның ортақ міндеті екені кеңінен насихатталды. Көрермендер өнерпаздардың өнеріне зор ықылас танытып, қолдау білдірді.
Іс-шара аясында жастарға арналған спорттық ойындар мен эстафеталар ұйымдастырылды. Қатысушылар командалық және жеке жарыстарда белсенділік танытып, салауатты өмір салтының үлгісін көрсетті. Мұндай белсенділіктер жастарды спортпен айналысуға, бос уақытын тиімді өткізуге және зиянды әдеттерден аулақ болуға ынталандыруға бағытталды.
Сонымен қатар полиция қызметкерлері тұрғындармен тікелей кездесіп, есірткінің адам денсаулығына, отбасы мен қоғамға тигізетін зияны туралы кеңінен түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Сондай-ақ есірткіге байланысты құқық бұзушылықтар үшін көзделген жауапкершілік туралы ақпарат беріліп, профилактикалық жадынамалар таратылды.
Іс-шараның басты мақсаты – қоғамның назарын есірткі мәселесіне аудару, есірткіге қарсы қоғамдық иммунитетті нығайту және жастардың өмірлік дұрыс таңдау жасауына ықпал ету. Арбаттағы бұл кездесу мәдени-танымдық бағдарламамен қатар, қоғам үшін маңызды профилактикалық алаңға айналды.
