Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Адал қызмет пен жеңіске толы жол: полиция қызметкерінің жетістігі

ІІО-да қоғамдық тәртіпті күзетіп қана қоймай, спортта да биік белестерді бағындырып жүрген тәртіп сақшылары бар. Солардың бірі – Астана қаласы полиция департаменті патрульдік полиция полкінің аға инспекторы Руслан Еренбаев. Қазақстан полициясы күніне орай Polisia.kz сайты оның қызметтік жолы мен спорттағы жетістіктерін кеңінен баяндап береді.

Руслан Жамбыл облысы Меркі ауданында дүниеге келген. Мектеп қабырғасында жүріп бокспен айналысып, спортқа деген қызығушылығын ерте қалыптастырған. Кейін елордаға қоныс аударып, өзін жаңа қырынан дамытуға кірісті. 2015 жылдан бастап грэпплинг спортымен тұрақты түрде шұғылданып, табандылығы мен еңбекқорлығының арқасында 2016 жылы спорт шеберіне үміткер атағын иеленді.

Ішкі істер органдарындағы қызметін 2020 жылы бастаған Руслан бүгінде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету жолында адал еңбек етіп келеді. Қызметтегі жауапкершілік пен спорттағы тәртіпті қатар ұстанған ол әрдайым жоғары нәтижеге ұмтылуда.

Спорттағы жетістіктері де көңіл қуантады. 2024 жылы өткен AIGA Grappling Cup UWW турнирінде қарсыластарының бәрінен басым түсіп, І орын иеленді. Ал 2025 жылғы AIGA KZ Open турнирінде жүлделі ІІ орынға қол жеткізді. Оның құрамындағы "SUB TEAM" командасы да бірқатар беделді жарыста жоғары нәтиже көрсетіп келеді. Командалық есепте қарсыластарынан озып шыққан "SUB TEAM" жалпы есеп бойынша жеңімпаз атанып, бас жүлдені жеңіп алды. Сонымен қатар көптеген қалалық және өңіраралық жарыста жүлдегер атанған. Руслан тек күреспен шектелмей, гір көтеру, қой көтеру сияқты ұлттық және күштік спорт түрлерінен де жүлделі орындарды қанжығаға байлаған. Жүгірумен де тұрақты айналысып, дене дайындығын әрдайым жоғары деңгейде ұстап келеді.

Әріптестері арасында тәртібімен, қарапайымдылығымен және табандылығымен ерекшеленетін Руслан – екі баланың әкесі, отбасының тірегі, қамқор жар.

Қызмет барысында есте қалған оқиғалардың бірі қыс мезгілінде болған. Кезекті патрульдеу кезінде жол бойында көлігі бұзылып тұрған азаматтарға көмек көрсету үшін тоқтаған полицей көлік ішінде толғағы басталып кеткен жүкті әйел мен оның жұбайын көреді. Жағдайдың шұғыл екенін түсінген Руслан дереу қызметтік автокөлікпен алып жүруді ұйымдастырып, отбасыны уақыт жоғалтпай перзентханаға жеткізді. Нәтижесінде ана мен нәрестенің өміріне еш қауіп төнбей, сәби аман-есен дүниеге келді. Кейін отбасы полицейге көрсеткен көмегі үшін ерекше алғысын білдірген.

Руслан Еренбаевтың өмір жолы – қызметке адалдықтың, спортқа деген сүйіспеншіліктің және адамға жанашырлықтың жарқын үлгісі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру