Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алаяқтық жасаған әйел жазаға тартылды

Қызылорда қалалық пробация қызметінің есебінде бүгінде 500-ден астам адам тіркеуде тұр. Жуырда олардың қатары алаяқтық жасағаны үшін сотталған тағы бір азаматпен толықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Сот үкімімен ол Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің алаяқтық бабы бойынша кінәлі деп танылып, 3 жыл 6 ай мерзімге бас бостандығын шектеу жазасына кесілді. Сонымен қатар, оған жыл сайын 100 сағат көлемінде мәжбүрлі еңбек өтеу міндеттелген.

Қазіргі уақытта сотталған азамат күн сайын 4 сағаттан қоғамдық жұмыстарға тартылып, жаза талаптарын орындауда.

Өз сөзінде ол жасаған әрекетіне өкініш білдіріп: "Алтын көрсе періште де жолдан таяды" демекші, ақшаға қызығып қателік жасадым. Немере бағып отыратын жасқа келгенімде жасаған ісіме өкінемін. Жасым 50-ден асқанда тазалық жұмыстарын істеп жүрмін, – деді.

Қызылорда қалалық пробация қызметінің инспекторы Мөлдір Серікбайқызының айтуынша, қазіргі таңда оның учаскесінде 40-қа жуық сотталған есепте тұр. Оның ішінде 14 адамға сот үкімімен мәжбүрлі еңбек жазасы тағайындалған.

Мәжбүрлі еңбек жергілікті атқарушы органдармен ұйымдастырылады. Сотталғандар күнделікті тазалық жұмыстарын атқарып, белгіленген талаптардың орындалуы пробация қызметі тарапынан тұрақты бақылауда.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру