Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында мас жүргізуші 7 жылға көлік басқару құқығынан айырылды

Алматы облысында мас жүргізуші жеті жылға көлік басқару құқығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ескелді ауданының жол сақшылары 10 қаңтар түнде автопатрульдеу кезінде аудан орталығының көшесінде жүрісі күмән тудырған Mazda-626 көлігін тоқтатып, жүргізушінің ішімдік ішкенін анықтаған. Жүргізілген медициналық куәландыру полицейлердің болжамын растады.

– Аталған дерек бойынша ҚР Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексінің 608-бабына сәйкес хаттама толтырылып, сот шешімімен 43 жастағы тұрғын 15 тәулікке қамауға алынды. Енді бұл жүргізушінің жеті жыл көлік тізгіндеуге құқығы да жоқ. Өзінің де, өзгенің де өміріне қауіп төндіретін мас жүргізушілерге бұл әділ жаза деп ойлаймын, – деді Ескелді АПБ бастығы Қайрат Баймұханов.

Ауданның бас полицейінің ақпаратына сәйкес, 10 қаңтар күні патрульдік полицейлер Шымыр ауылында тағы бір күмәнді жүргізушіні ұстаған. Алайда жүргізуші медициналық сараптамадан өту тәртібінен бас тартқан. Сот органдарының қарауына ұсынылған іс материалдары бойынша тиісті сот шешімі шығып, жүргізуші 15 тәулікке әкімшілік қамаққа алынған және сегіз жылға көлік тізгіндеу құқығынан айырылған.

– Масаң күйде көлік тізгіндеу – өте қауіпті әрекет екенін және ол қолданыстағы заңға сәйкес қатаң жазаланатынын ескерткім келеді. Биыл 25 жүргізуші масаң күйде ұсталып, жүргізу құқығынан айырылса, биыл да заңды өрескел бұзған тұрғындар бар. Барлық жүргізушілерді жол жүру ережелерін мүлтіксіз сақтауға шақырамын, – деп толықтырды  Қайрат Баймұханов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру