Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы облысында полицейлер мал ұрлығына қатысы бар үш күдіктіні ұстады

Қылмыс үстінде ұсталған күдіктілер 20 ұсақ мал ұрлығын толығымен мойындады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қысқа мерзім ішінде Ескелді ауданының тұрғындарынан жеке сектор, яғни аулаларынан ұсақ малдарының түнгі уақытта ұрланғаны туралы бірнеше арыз келіп түскен. Аталған деректер ҚР ҚК 181-1 бабы бойынша тіркеліп, бірқатар жедел-іздестіру іс-шаралары ұйымдастырылды.

Нәтижесінде, тәртіп сақшылары 13 қыркүйектен 14 қыркүйекке қараған түні бұрын ұрлық жасалған жерлерден көзге түскен “Toyota Aristo” көлігін анықтады. Полиция көліктің соңынан қуып жетіп, оны сағат 03:00 шамасында Алматы – Өскемен автожолынан тоқтатқан. Көлікте 22, 25 және 26 жастағы үш ер адам болған. Тексеру барысында тәртіп сақшылары көліктің жүксалғышынан Ақын Сара ауылының 57 жастағы тұрғынының таңбасымен таңбаланған, байлаулы екі қошқарды тапты. Ұсталған күдіктілер Ақын Сара, Қаратал және Ақтасты ауылдарының сегіз тұрғынынан 20 ұсақ мал ұрлағандарын мойындады.

Ұрылардың біріне тиесілі автокөлік қылмыс құралы ретінде сот шешіміне дейін арнайы тұраққа қойылды. Күдіктілер уақытша ұстау оқшаулағышына қамаққа алынды. Олардың облыс аумағындағы осыған ұқсас ашылмаған қылмыстарға қатыстылығын тексеру бойынша жұмыстар жүргізілуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру