Алматы облысындағы шаруа қожалықтарының бірінен есірткі плантациясы табылды
Алматы облысы Балқаш ауданындағы шаруа қожалықтарының бірінен есірткі плантациясы табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
21 қыркүйекте “Қарасора-2024” ЖПІШ барысында Алматы облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының полицейлері ҚР ІІМ ОАӘТБ қызметкерлерімен бірлесіп, Балқаш ауданының шаруа қожалықтарының бірінің аумағында есірткі плантациясын анықтады.
50 жастағы күдікті Іле өзенінің маңында есірткі өсімдіктерін өсіріп, тиісті күтім ұйымдастырған. Үйді және оның айналасын тінту кезінде екі тегіс ұңғылы мылтық, оларға 58 патрон және кептірілген марихуана табылды. Құрамында есірткі бар өсімдіктердің 194 бұтасы тамырымен бірге топырақтан шығарылып, заттай дәлел ретінде алынды.
Жүргізілген сараптама тәркіленген өсімдіктердің жалпы салмағы 3 тонна 540 келі болатын каннабис екенін растады.
Құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактісі бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті уақытша ұстау изоляторына қамалды. Тергеу жалғасып жатыр.