Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы полициясы Батырлар аллеясының маңдайшаларын ұрлағандарды ұстады

Алматы полициясы Батырлар аллеясының маңдайшаларын ұрлағандарды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Еске салайық, 28 гвардияшы-панфиловшылар атындағы саябақта Батырлар аллеясының тұғырынан екі әріп пен 13 маңдайшаның ұрланғаны туралы арыз полицияға 4 наурызда келіп түскен. Қылмыстық іс ҚР ҚК-нің 188-бабы 1-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіліміне тіркелді.

– Бұл қылмысты ашу үшін арнайы жедел-тергеу тобы құрылды, оның құрамына қаланың криминалдық полициясының қызметкерлері де кірді. Ұрылар бірден анықталды. Сондай-ақ, қысқа мерзімде олар айдаған көлікті анықтау мүмкін болды. Күдіктілер – үшеу, олар 25 және 26 жастағылар. Күдіктілер – Алматы облысы Еңбекшіқазақ ауданына қарасты ауылдардың бірінің тұрғындары. Қылмыскерлер ұсталып, қамауға алынды. Олар шойын маңдайшалар мен әріптерді қабылдау пунктіне өткізу үшін ұрлап кеткендерін мойындады. Біз ұрланған мүліктің сатылу бағытын жедел анықтап, ұрланған заттарды сатып алуға қатысы бар тағы үш айыпталушыны анықтадық. Олар да сол ауылдың тұрғындары. Соңғы орын – Алматы қаласы Түрксіб ауданындағы Бекмаханов көшесі бойындағы металл қабылдау пункті. Батырлар Аллеясынан алынған әріптер мен маңдайшаларды ерітуге дайындаған, – деді Медеу аудандық Полиция басқармасының бастығы Дәурен Өтебаев.

Заттай айғақтар тәркіленді. Олардың жалпы салмағы 44,5 келі болды. Сатып алушыларға қатысты ҚР ҚК-нің 188-бабы бойынша қылмыстық іс қозғалды. Олар да уақытша ұстау изоляторына қамалды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру