Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматы қаласының Полиция департаменті “Vision Zero Almaty” жобасының орындалу барысын баяндады

Алматы қаласында “Vision Zero Almaty” жобасының орындалу барысы баяндалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы қаласының Полиция департаменті жол қауіпсіздігі деңгейін арттыруға және Алматы жолдарында апаттарды азайтуға бағытталған бірқатар ұйымдастырушылық және тәжірибелік шараларды қабылдауда.

2019 жылы “Vision Zero Almaty” жобасына сәйкес қаланың 56 көшесіндегі аялдамаларда 14 бірлік қосымша қалташа (Достық, Жамбыл, Гоголь, Қарасай батыр көшелерінде),  12 дана “Зебра”  жаяу жүргінші өткелі (Гоголь, Наурызбай батыр, Мәмбетов, Жамақаев, Торайғыров көшелерінде), 72 мың ш.м. (45  шақырым) жаңа тротуар жабдықталды. Жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында 18 реттелетін жаяу жүргінші өткелі мен 7 бағдаршам нысаны салынды. Көліктердің бетпе-бет соқтығысуын болдырмау мақсатында Рысқұлов даңғылы, Саин көшесі бойында және “Медеу” биік таулы спорт кешенінде ұзындығы 9,5 шақырым болатын жол қоршауын орнату және ауыстыру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар 3 857 жол белгісі орнатылды және ауыстырылды, 294 мың м2 көлемінде жол белгілері сызықтары сызылды. “Vision Zero Almaty” шеңберінде 72 қауіпсіздік мүйісі мен 18 қауіпсіздік аралын орналастыра отырып, жол жамылғысына орташа жөндеу жүргізілді, – деді Алматы қаласы Полиция департаментінің бастығы Қанат Таймерденов.

“Балалар қауіпсіздігі” бағдарламасы бойынша мектептер аумағындағы 228 алаңға (белгілер, түзету, панно) қызмет көрсетілген. 14 бағдаршам нысанының құрылысы жүргізілуде.

Сонымен қатар биыл 115 жаңа реттелмейтін жаяу жүргінші өткелі жабдықталды. Жалпы ұзындығы 27 шақырымды құрайтын қоғамдық көліктерге арналған жолақтарды ұйымдастыру бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жалпы ұзындығы 7 шақырым болатын велосипед жолдарын ұйымдастыру жұмыстары жоспарлануда. Велосипедшілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұзындығы 2,19 шақырым Байтұрсынов көшесі мен 2,20 шақырым Қонаев көшесі бойындағы велосипед жолдарының бойына жол бөгегіштері (боллардтар) орнатылды. Көліктердің бетпе-бет соқтығысуын болдырмау үшін ұзындығы 3,5 шақырым – Рысқұлов даңғылының бойымен Кудерин көшесінен Бөкейханов көшесіне дейін бөлетін жолаққа жол қоршауын орнату жұмыстары жүргізілуде, – деп түйіндеді Қанат Таймерденов.

“Vision Zero Almaty” іс-шаралар жоспары жол қауіпсіздігін арттыруға бағытталған және жол-көлік оқиғаларында қаза болу мен жарақат алу санын азайту тәсілдерін өзгертуді ұсынады.

Жоспар  жолдарды, көшелерді, жол белгілерін жол қозғалысына қатысушылардың іс-әрекетіне, қоғамдық көліктердің қауіпсіздігіне қарай өзгерту және бейімдеуді көздейді.

 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру