Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда кальян қолданғаны үшін 267 азамат әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Алматылық полицейлер кальян сататын барларға рейд жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кальян қолданудың 267 дерегі, 151 шылым шегетін құрал тәркіленді – бұл қаланың ойын-сауық мекемелерінде жүргізілген төрт күндік рейдтің нәтижесі.

– Ойын-сауық мекемелеріндегі заң бұзушылықтарды ауыздықтау мақсатында жедел-алдын алу шарасы жүргізілді. Еске салайық, қоғамдық орындарда кальян шегуге тыйым салуды енгізу туралы жарлық 2013 жылдың 14 наурызында күшіне енген болатын. Бірақ жастар заңды елемей, қоғамдық тамақтану орындарында, түнгі клубтар мен барларда жұпар иісті түтінмен тыныстауын тоқтатпайды. Осы рейд барысында 54 ойын-сауық орындары тексерілді. Кальян қолданғаны үшін 267 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 151 бірлік кальян тәркіленді. ҚР ӘҚБтК-нің 441-бабы бойынша бұзушылықтар анықталған жағдайда, кальян шегетіндерге 15 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Бұзушылық қайталанған жағдайда – 20 АЕК. Ал мекеме иелеріне 20-дан 60 АЕК-ке дейін айыппұл салынады. Лицензиясыз сатылған 138 дана алкогольдік өнімдер тәркіленді, – деді Алматы қалалық ПД жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ержан Ұзабаев.

Кальян – өзінің дәмі және хош иісімен қызықтырады. Алайда, көптеген жастар “дәмді” түтінді жұту қарапайым темекіге зиянсыз балама деп санайды.

Бірақ кальянның су сүзгісі де, басқа қосымша қорғаныс құралдары да темекі шегудің қауіпсіздігін және ауыр аурулар мен тәуелділіктердің пайда болмауын қамтамасыз етпейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру