Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда «қаңтар оқиғасына» қатысты қамалғандармен құқық қорғаушылар кездесті

Алматыда «қаңтар оқиғасына» қатысты қамалғандармен құқық қорғаушылар кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

«Қаңтар оқиғасы» кезіндегі жаппай тәртіпсіздіктерден кейін Алматы қаласы бойынша ҚАЖД-ға қарасты тергеу изоляторына жеткізілгендер саны күрт өскені белгілі. Осыған орай аталған мекемеге құқық қорғаушылардың келіп, күдіктілерден жауап алуы және адам құқығын қорғау жөніндегі қоғамдық ұйым өкілдерінің күдіктілерді ұстау жағдайын қадағалауы жиіледі.

Осыған орай ҚАЖ департаменті мен мекеме басшылығы құқық қорғаушылардың нәтижелі жұмыс істеуіне қолайлы жағдай жасауда. Атап айтқанда, Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінің ЛА-155/18 мекемесіне Қазақстан Республикасындағы Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Азимова, «Адам құқығына арналған хартия» қоғамдық қорының директоры Жеміс Тұрмағамбетова келіп, ұсталғандармен жан-жақты әңгіме өткізді.

Тергеу изоляторына жеткізілгендердің арасында кәмелеттік жасқа толмаған жасөспірімнің болуына орай Қазақстан Республикасындағы Бала құқықтары жөніндегі уәкіл Аружан Сайнның нұсқауымен жасөспірімнің жағдайын білуге құрамында Қазақстанның азаптауға қарсы Үкіметтік емес ұйымдар коалициясының үйлестірушісі, Адам құқықтары және заңдылықты сақтау жөніндегі Қазақстан халықаралық бюросы директорының орынбасары, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы Азаптаудың алдын алу ҰАТ Үйлестіру кеңесінің мүшесі Роза Ақылбекова, ҰАТ мүшесі, Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығының анестезиолог-реаниматолог дәрігері Гүлжан Теипқызы және «Қазақстандағы дағдарыс орталықтары одағының» төрағасы, ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл жанындағы азаптауға қарсы ҰАТ Үйлестіру кеңесінің мүшесі Зульфия Байсақова бар сарапшылар тобы келіп, тергеу қамауындағы жасөспірімді ұстау жағдайымен танысты.

Сондай-ақ, ЛА-155/18 мекемесіндегі тергеу қамауындағылардың жағдайы Қоғамдық бақылау комиссиясы өкілдерінің де жіті назарында. Мекемеге Алматы қаласы және Алматы облысы бойынша Қоғамдық бақылау комиссиясының төрайымы Ардақ Жанәбілова келіп, тұтқындармен бетпе-бет әңгімелесті. Құқық қорғаушылар тергеу изоляторының медицина-санитарлық бөлімінде ем алып жатқан жаралы күдіктілермен де кездесті.

Бүгінде қаңтардағы қақтығыс кезінде қамауға алынғандарға көмектесу мақсатында құрылған «Аманат» қорының өкілдері мен құрамында белгілі құқық қорғаушылар, қылмыстық іс жүргізу құқығы бойынша маманданған заңгерлер бар тәуелсіз комиссия мүшелері тергеу изоляторына қамалған күдіктілерге жан-жақты құқықтық көмек көрсетуде.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру