Алматыда қауіпті жарыстар мен көлікті агрессивті жүргізу әрекеттері тоқтатылды
Алматыда қауіпті жарыстар мен көлікті агрессивті жүргізу әрекеттері тоқтатылды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Алматы қаласында "Құқықтық тәртіп" республикалық жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында патрульдік полицияның мамандандырылған батальоны агрессивті жүргізу және жол қозғалысы ережелерін өрескел бұзу фактілерінің жолын кесті.
Іс-шаралар қаладағы негізгі магистральдарда күшейтілген режимде жүргізілді. Әсіресе жол-көлік оқиғасына әкелуі мүмкін қауіпті жүргізу мәнерін көрсететін жүргізушілерді анықтауға басымдық берілді.
Профилактикалық және рейдтік жұмыстар әкімшілік полицияның өзге де бөлімшелерімен бірлесе ұйымдастырылып, жол қозғалысы жағдайына кешенді бақылау жүргізілді.
Түнгі уақытта Әл-Фараби даңғылында тіркелген жағдай осының айқын дәлелі. Бір топ автокөлік жүргізушілері күрт жолақ ауыстыру, жылдамдықты шамадан тыс арттыру және өзге қозғалыс қатысушыларына кедергі келтіру арқылы агрессивті жүргізу белгілерін көрсеткен.
Полиция қызметкерлерінің жедел әрекеті нәтижесінде аталған көліктер тоқтатылды. Жүргізушілерге қатысты қауіпті маневр жасау және апаттық жағдай туындатқаны үшін әкімшілік материалдар рәсімделді. Көліктер мамандандырылған айыппұл тұрағына қойылды.
Алматы қаласы полиция департаменті әкімшілік полиция басқармасының бастығы Әбдінұр Тасыбаевтың айтуынша, агрессивті жүргізу – қауіпсіздік талаптарын әдейі елемеу болып табылады және ол адамдардың өмірі мен денсаулығына тікелей қауіп төндіреді. Сондықтан мұндай құқық бұзушылықтар тұрақты бақылауда болып, әрбір дерекке құқықтық баға беріледі.
Полиция қызметкерлері жол қозғалысы ережелерін сақтау әрбір жүргізушінің міндеті екенін еске салады. Жолдағы қауіпсіздік – баршаға ортақ жауапкершілік.
