Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда сотталған жасөспірімдер Білім күнін атап өтті

1 қыркүйек – Білім күніне орай Алматы қаласындағы №11 мекемеде жазалы жасөспірімдерге арналған "Мектебім – мейірімді мекенім" тақырыбында салтанатты іс-шара ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі таңда мекеме ішіндегі №32 жалпы білім беретін орта мектепке қарасты мектепте 73 оқушы білім алуда. Мектепте қазақ және орыс тілдерінде білім беретін жеті сынып жабдықталған. Оның ішінде 50 оқушы қазақ тіліндегі сыныптарда, 23 оқушы орыс тіліндегі сыныптарда білім алуда.

Салтанатты іс-шара барысында №11 мекемесінің сотталғандар арасындағы әлеуметтік-психологиялық тәрбие жұмысы бөлімі бастығының міндетін атқарушы Мият Қанатов мектеп ұстаздары мен оқушыларды жаңа оқу жылымен құттықтап, алдағы оқу жылында табыс пен абырой тіледі.

Сонымен қатар ол оқушылардың алаңсыз білім алуы үшін барлық жағдай жасалғанын және олардың оқу құралдарымен толық қамтамасыз етілгенін атап өтті.

Сотталған балалардың білім алуына толыққанды жағдай жасау – олардың бостандыққа шыққаннан кейін қалыпты өмірге бейімделуіне бағытталған маңызды қадамдардың бірі. Мұнда оқушылар мектеп бағдарламасын толық меңгеріп, мемлекеттік үлгідегі аттестат алады. Сондай-ақ білімдерін одан әрі жалғастырып, бірнеше кәсіби мамандықты меңгеруге мүмкіндік алады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру