Ақмола облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері "Мектепке жол" акциясына қатысты
Жаңа оқу жылы қарсаңында Ақмола облысы бойынша ҚАЖ департаментінің пробация қызметінің қызметкерлері қайырымдылық қорының қолдауымен қиын өмірлік жағдайға тап болған отбасыларға көмек көрсетуге бағытталған "Мектепке жол" қайырымдылық акциясына қатысты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Акция аясында пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардың балаларына қажетті оқу құралдарымен жабдықталған жаңа мектеп сөмкелері табысталды.
Ата-аналары қоғамға қайта бейімделу кезеңінен өтіп, материалдық қиындықтарға тап болған отбасылар үшін баланы жаңа оқу жылына дайындау оңайға соқпайды. Осындай жағдайда дер кезінде көрсетілген қолдау отбасының қаржылық жүктемесін жеңілдетіп қана қоймай, балаларға оқу жылын көтеріңкі көңіл-күймен бастауға мүмкіндік береді.
Акция барысында кәмелетке толмаған балалары бар отбасыларға ерекше көңіл бөлінді. Пробация қызметінің қызметкерлері отбасылық байланыстарды нығайтуға, қолайлы психологиялық ахуалды сақтауға және түзелу жолына түскен азаматтарға әлеуметтік қолдау көрсетуге бағытталған жұмыстар жүргізуде.
Мектеп сөмкелері мен оқу құралдарын алған балалар сыйлықтарын қуана қабылдады. Ал ата-аналар үшін бұл көмек материалдық қолдаумен қатар, қиын кезеңде олардың назардан тыс қалмайтынын сезінуге мүмкіндік берді.
"Мектепке жол" акциясы — қайырымдылық шарасы ғана емес, пробация қызметінің әлеуметтік бағыттағы жұмысының маңызды бөлігі. Оның негізгі мақсаты — отбасыларға атаулы қолдау көрсету, балалардың құқықтары мен мүдделерін қорғау және пробация есебіндегі азаматтардың қоғамға табысты бейімделуіне ықпал ету.
Пробация қызметі есепте тұрған азаматтарды әлеуметтік бейімдеуге, отбасылық байланыстарды нығайтуға және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған жұмыстарды жалғастыруда. Уақытылы көрсетілген қолдау отбасылар үшін маңызды көмек болып, азаматтардың жаңа өмір бастауына оң ықпал етеді.
