Ақмола облысында мотоциклші көз жұмды
Ақмола облысында мотоциклші жол апатында көз жұмды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақмола полицейлері мотокөлік жүргізушілерімен байланысты жол-көлік оқиғаларының негізгі себептері жылдамдық режимінің артуы, мотоциклшіні кенеттен тежеуге итермелейтін автомобильшілердің күтпеген маневрлері, сондай-ақ мотоциклистің өзін қауіпті жүргізуі болып табылатынын атап өтті.
Сонымен қатар қолайсыз ауа-райы да апатқа әкелетін фактор болып табылады.
Атап айтқанда, ағымдағы жылдың 17 шілдесінде Бурабай ауданы Қызылағаш ауылының маңында, Ақылбай – Қызылағаш автожолының 11-шақырымында “Рейсер” маркалы мотоцикл жүргізушісі рульді басқара алмай, кюветке шығып, мотокөліктің аударылуына жол берген.
Жол-көлік оқиғасы салдарынан ер адам алған жарақатынан оқиға орнында көз жұмды.
Мотокөліктің рульінде Көкшетау қаласының 48 жастағы тұрғыны болғаны анықталды.
Қазіргі уақытта аталған факті бойынша сот-медициналық сараптама тағайындалды. ҚР ҚК 345-бабының 3-бөлігі (Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы) бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде.
Тәртіп сақшылары мотоциклистерге арнайы қорғаныс құралдарын қолдану, өте мұқият болу, белгіленген жылдамдық режимін, жол жүру кезектілігін сақтау және жолда күрт маневр жасаудан аулақ болу қажеттігін ескертеді.