Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақмола облысының полиция департаментінде семинар-кеңес өтті

Ақмола облысының полиция департаментінде семинар-кеңес өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Ақмола облысының полиция департаментінде соттың қарауына ведомстволық бағынысты әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді қарау кезінде туындайтын проблемалық мәселелерді және медициналық куәландыруды жүргізу тәртібін полиция қызметкерлері, судьялар, прокуратура қызметкерлері мен медициналық мекемелердің қызметкерлері талқылады.

Жиналғандар алдында Ақмола облыстық сотының судьялары Қайыргелді Мусетов пен Нұрсұлтан Рахымберлин, Көкшетау қаласының әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі мамандандырылған сотының судьясы Әсем Шаукенова мен төраға Дәурен Ламашарипов, Ақмола облысы прокуратурасының 3-ші Басқармасы бастығының орынбасары Бақтияр Сатыбаев және прокуратура басқармасының прокуроры Дина Конусбаева сөз сөйледі. Спикерлер әкімшілік істерді жүргізу кезінде тәртіп сақшыларының практикалық қызметінде қандай кемшіліктерді жою керектігі туралы ұсыныстар жасады.

Мәселен, ӘҚБтК-нің 608-бабы (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша мас жүргізушілерге қатысты материалдар жасалған жағдайда полиция қызметкерлері не болып жатқанын егжей-тегжейлі бейнежазбаны жүргізуі керек: күдік тудырған көліктің қозғалысы, медициналық куәландыру нәтижелерін алғанға дейін көлік құралын тоқтату сәті. Егер даулы жағдайлар туындаған болса, бұл жазба полиция қызметкері мен жүргізушінің әрекеттерін бағалауға көмектеседі. ҚР ӘҚБтК 610-бабы (Материалдық залалы бар ЖКО) бойынша материалдар жасау кезінде қажет болған жағдайда өзара кінәні анықтау үшін авто-техникалық сараптама тағайындау қажет.

Спикерлер атап өткендей, ағымдағы жылы әкімшілік полиция басқармасының қызметкерлері жүргізген жұмыс нәтижелері бойынша сот ісін жүргізу тілін таңдау бойынша бұзушылықтарға жол берілмеді. Медициналық мекемелердің қызметкерлеріне мас күйін анықтау үшін медициналық куәландыруға жеткізілген адамдардың жағдайын егжей-тегжейлі сипаттау ұсынылды.

Өз кезегінде әкімшілік полиция басқармасының бастығы Ержан Қошқарбаев әкімшілік құқық бұзушылық туралы істерді жүргізу кезінде полицейлердің алдында тұрған қиындықтар туралы айтып берді. Спикер әкімшілік материалдар сотқа жіберіліп, алайда кейіннен құқық бұзушының болмауына байланысты тіркеусіз қайтарылатын жағдайлар орын алатынын атап өтті. Мұндай жағдайларды болдырмау үшін Ержан Қошқарбаев “Әкімшілік құқық бұзушылықтардың бірыңғай тізілімі” ақпараттық жүйесі арқылы жіберілген материалдарды адамсыз дереу тіркеуді және құжаттарды қағаз форматта ұсынбай, оларды онлайн-режимде қарауды ұсынды.

Бұдан басқа, әкімшілік істі қалыптастыру кезінде полицейлер ұсынатын құжаттардың бірыңғай тізбесін бекіту қажет, бұл материалдарды жинау уақытын қысқартуға мүмкіндік береді.

Полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары полиция полковнигі С.М.Әбутәліпов кеңеске қатысушыларға алғысын білдіріп, проблемалық мәселелерді талдау және оларды талқылау әкімшілік заңнама талаптарын бұзуға жол бермеуге мүмкіндік беретінін атап өтті.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру