Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы халыққа есеп берді

Павлодар облысының Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы халыққа есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

17 ақпанда Ақсу қаласы полиция бөлімінің бастығы Мыңбай Асылбеков “ZOOM” қосымшасы арқылы онлайн режимде Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімовтің қатысуымен жергілікті тұрғындармен кездесу өткізді.

Ең алғашқы болып сөз алған Департамент бастығы Нұрлан Мәсімов тұрғындарды Ішкі істер министрлігі жүйесіндегі жаңалықтар туралы, сондай-ақ “Police.102” мобильді қосымшасы туралы хабардар етті, оларды аймақтағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға бағытталған алдағы кезеңге арналған міндеттермен таныстырды.

Өз кезегінде Ақсу қаласы ПБ бастығы Мыңбай Қайырұлы тұрғындарды аудан полицейлерінің 2020 жылғы жедел-қызметтік қызметінің нәтижелері туралы хабардар етті.

– Полиция қызметкерлері қабылдаған шаралардың нәтижесінде 2020 жылы қылмыстық құқық бұзушылықтардың саны 15%-ға азайды. Аудан полицейлері бөтеннің мүлкін ұрлаудың алдын алуға ерекше көңіл болды, осыған орай аудан бойынша жасалған ұрлықтар саны – 26%-ға, оның ішінде пәтер ұрлықтары – 60%-ға, қалта ұрлығы – 75%-ға  төмендеді. Жүргізілген профилактикалық іс-шаралар қоғамдық орындарда жасалған қылмыстарды 18%-ға, көшеде жасалған қылмыстарды 37%-ға, мас күйінде жасалған қылмыстарды 25%-ға, отбасы-тұрмыстық қатынастар саласындағы қылмыстарды 14%-ға төмендетуге мүмкіндік берді, – деді ол.

Ол сонымен қатар мал ұрлығы ауылдық аймақтардағы өзекті мәселелердің бірі болып қала беретінін баса айтты.

– Аудан аумағында қараусыз малға арналған сегіз коммуналдық тұрақ бар. Оларға 2021 жылдың қаңтар айында қараусыз жайылып жүрген 1369 бас мал орналастырылды, мал иелері әкімшілік жауапкершілікке тартылды, оларға 400 мың теңгеден астам айыппұл салынды, – деді Мыңбай Қайырұлы.

Мыңбай Қайырұлы алкогольдік ішімдіктер мен есірткі тұтынатын азаматтармен де жұмысқа ерекше көңіл бөлінетіндігін атап өтті.

– Ақсу қаласы мен оған қарасты ауылдық аймақтардың учаскелік полиция инспекторлары 41 адамды осындай тәуелділіктен мәжбүрлеп емдеуге жіберді. Сегіз мыңнан астам адам уақытша бейімделу және детоксикация орталығына орналастырылды. Алкогольдік ішімдіктермен заңсыз сауда жасау бойынша 32 құқық бұзушылық анықталды, заңсыз кәсіпкерлік қызметі үшін 14 азамат жауапкершілікке тартылды, – деді Мыңбай Асылбеков.

Онлайн-кездесу барысында жол-көлік оқиғалары да жеке талқыланды. Өткен жылы жол-көлік оқиғаларының саны 8%-ға, оның ішінде қаза болғандардың саны 60%-ға төмендеген. Алдын алу шаралары нәтижесінде жол қозғалысы ережелерін бұзудың 5202 дерегі анықталған.

– Жолдардың жай-күйін тексеру бойынша рейдтер барысында бірқатар заң бұзушылықтар анықталды, олар бойынша тиісті органдарға 145 ұйғарым жіберілді, 43 лауазымды тұлға жауапкершілікке тартылды. Аудан әкімдігінің қолдауымен аудан көлемінде ПБ кезекші бөліміне қосылған 49 бейнекамера орнатылды. Бейнекамералардың көмегімен биыл 12 қылмыс пен 156 әкімшілік құқық бұзушылықтың беті ашылды.

Есеп беру барысында азаматтар полиция бөлімінің басшылығына өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, оларға жан-жақты жауаптар алды.

Сөз соңында Павлодар облысы Полиция департаментінің бастығы Нұрлан Мәсімов кездесуге қатысушыларға өзекті мәселелерді талқылауға қатысқаны және белсенді азаматтық ұстанымы үшін алғыс айтты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру