Ақтөбеде кәмелетке толмағандарға қатысты профилактикалық шаралар өтті
Ақтөбе облысында полиция ата-аналарды балалардың қауіпсіздігін күшейтуге шақырады, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақтөбе облысында жыл басынан бері ювеналдық полиция инспекторлары жүргізген профилактикалық рейдтер барысында түнгі уақытта ата-анасының немесе заңды өкілдерінің қарауынсыз жүрген 3 мыңға жуық кәмелетке толмаған жасөспірім анықталды.
Сонымен қатар ойын-сауық орындарында заңмен белгіленген уақыттан кейін жүрген 173 жасөспірім тіркелді.
Профилактикалық іс-шаралар кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға, олардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге және балаларға қатысты қылмыстардың жолын кесуге бағытталған. Мұндай рейдтер тұрақты түрде жүргізіліп келеді.
Полиция қызметкерлері түнгі уақытта жасөспірімдердің ересектердің қарауынсыз жүруі түрлі төтенше жағдайларға, құқыққа қайшы әрекеттерге тартылуға және өзге де жағымсыз салдарға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.
Рейд барысында инспекторлар кәмелетке толмағандармен және олардың ата-аналарымен түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл ретте заңды өкілдердің бала тәрбиесі мен олардың қауіпсіздігіне қатысты жауапкершілігіне ерекше назар аударылуда.
Полиция ата-аналарға балаларының жүрген жерін қадағалауды күшейтуге, әсіресе кешкі және түнгі уақытта бақылаусыз қалдырмауға, сондай-ақ олардың араласатын ортасына мән беруге шақырады.
Баланың қауіпсіздігіне дер кезінде көңіл бөлу – құқық бұзушылықтың алдын алудың және жасөспірімдердің амандығын қамтамасыз етудің маңызды кепілі.
