Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде пробация есебіндегі сотталғандар шағын футболдан өткен турнирде жеңіске жетті

Ақтөбеде пробация есебіндегі сотталғандар шағын футболдан өткен турнирде жеңіске жетті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Актөбе қаласының Астана және Алматы аудандық пробация қызметтері облыстық жастар ресурстық орталығымен бірлесіп, қала жастары және пробация қызметінің есебінде тұрған сотталған жастар арасында шағын футболдан турнир ұйымдастырды. Ақтөбе қаласындағы Ұ. Құлымбетов атындағы №64 жалпы білім беретін орта мектептің спорт алаңында өткен турнирге барлығы төрт команда қатысты.

– Пробация қызметкерлерінің айтуынша, іс-шараның басты мақсаты – пробация есебінде тұрған жастардың спортқа деген қызығушылығын арттыра отырып, салауатты өмір салтын насихаттау, олардың бос уақыттарын пайдалы іспен өткізуге бағыттау және қоғамдық өмірге бейімдеу.
Жалпы, пробация есебінде тұрған жастардың осындай спорттық жарыстардан жүлделі орындарды жеңіп алуы – пробация қызметкерлерінің тынымсыз еңбегінің жемісі. Себебі пробация қызметкерлері есепте тұрған жастарды үнемі спорттық сайыстарға қатыстырып, олардың салауатты өмір салтын ұстануларына және бос уақыттарын тиімді өткізіп, түзелу жолына түсулеріне барынша үлес қосып келеді, –  дейді Ақтөбе облысы бойынша Қылмыстық- атқару жүйесі департаментінің баспасөз хатшысы Гүлфайруз Төремұратова.

Турнир қорытындысы бойынша бірінші орынды Ақтөбе қаласының Астана аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардан құралған “Астана” командасы жеңіп алса, екінші орынды Ақтөбе қаласының Алматы аудандық пробация қызметінің есебінде тұрған сотталғандардан құралған “Алматы” командасы иеленді. Ал үшінші орынды Жастар ресурстық орталығының жастарынан құралған “ЖРО” командасы қанжығасына байлады.

Сондай-ақ, облыстық Жастар ресурстық орталығының басшысы Нұрлыбек Мусиннің атынан ойында белсенділік танытқан “Астана” командасының қатысушылары “Үздік қақпашы” және “Үздік қорғаушы”, сондай-ақ “Алматы” командасының қатысушысы “Үздік шабуылшы” дипломымен марапатталды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру