Арманнан басталған жол: тергеуші қызметіндегі бір күн
Қоғамдағы заңдылық пен құқықтық тәртіптің сақталуы көбіне көпшілікке көріне бермейтін, алайда зор жауапкершілік пен кәсіби шеберлікті талап ететін қызметтің нәтижесі. Осындай маңызды мамандықтардың бірі – тергеуші. Бұл қызмет әрбір істің ақиқатына жетуді, заң талаптарын мүлтіксіз сақтауды, дәлдік пен сабырлылықты, сондай-ақ адам тағдырына деген жоғары жауапкершілікті талап етеді. Тергеушінің қызметтегі бір күні туралы Polisia.kz сайтынан оқи отырыңыздар.
Атырау қаласы полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі Ернар Ғайниев үшін бұл мамандық – бала күнгі арманының жалғасы.
Ернардың құқық қорғау саласына қызығушылығы ерте қалыптасты. Ол бала кезінен осы салада қызмет атқарған әпкелерінің еңбегіне қызығып, олардың жауапкершілігі мен кәсібилігін үлгі тұтты. Уақыт өте келе бұл қызығушылық нақты мақсатқа айналып, болашақ мамандығын айқындады.
Арманына жету жолында ол 2017 жылы Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясына оқуға түсіп, 2021 жылы оқу орнын сәтті тәмамдады. Академия қабырғасында алған теориялық білім мен тәжірибе оны қызметтің алғашқы күнінен-ақ жауапты міндеттерді атқаруға дайындады.
Қазіргі таңда Ернар Ғайниев Атырау қаласы полиция басқармасының тергеу бөлімінде қызмет етеді. Бес жылдық еңбек жолында ол 400-ге жуық қылмыстық істі сотқа жолдап, олардың қатарында ауыр және аса ауыр қылмыстар да бар.
Тергеушінің бір жұмыс күні көпшілік ойлағаннан әлдеқайда күрделі әрі қарбалас өтеді. Кез келген сәтте оқиға орнына жедел-тергеу тобымен шығуға, дәлелдемелерді жинауға, куәлардан жауап алуға, сараптамалар тағайындауға, бейнежазбаларды зерделеуге және көптеген процессуалдық құжаттарды рәсімдеуге тура келеді. Мұның барлығы бір ғана мақсатқа – істің мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған.
Бір күннің өзінде әртүрлі санаттағы бірнеше қылмыстық іс қатар түсуі мүмкін. Сондықтан тергеуші әрбір жағдайда заң талаптарын басшылыққа алып, шешімді тек нақты дәлелдерге сүйене отырып қабылдайды. Себебі қылмыстық істегі әрбір құжаттың, әрбір дәлелдің артында адамның тағдыры тұрады.
Бұл мамандықта заңды жетік білу ғана жеткіліксіз. Сабырлылық, байқампаздық, аналитикалық ойлау қабілеті, адамдармен тиімді қарым-қатынас орната білу және қысым жағдайында салмақты шешім қабылдау – кәсіби тергеушінің басты қасиеттері.
Қызмет барысында Ернар Маратұлы өз міндетін адал әрі кәсіби деңгейде атқарғаны үшін Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің және Атырау облысы полиция департаменті басшылығының Алғыс хаттарымен марапатталған.
– Әрбір аяқталған істің артында адам тағдыры, әділдіктің салтанат құруы және заң үстемдігі тұрады, – дейді полиция қызметкері.
Қандай жағдай болмасын, тергеушінің басты мақсаты өзгермейді – әрбір істің барлық мән-жайын заң талаптарына сай жан-жақты зерттеп, әділ шешім қабылдануына ықпал ету.
Осындай өз ісіне адал мамандардың күнделікті еңбегінің арқасында қоғамдағы құқықтық тәртіп нығайып, азаматтардың қауіпсіздігі мен заңды құқықтарының қорғалуы қамтамасыз етіледі.
