Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астана полициясы пәтер ұрысын қолға түсірді

Қала тұрғындарының үйіне ұрлыққа түсуді кәсіп етіп, табыс көзіне айналдырып келген пәтер ұрысы құрықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жәбірленушілерге келтірілген шығын 1 млн теңгеден асқан. Алматы ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімімен жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде күдікті қолға түсті. Күдікті үй иелерінің жоқтығын пайдаланып, терезе әйнегі арқылы үй ішіне заңсыз кіріп, ақша мен алтын бұйымдарды ұрлаған. Сонымен қатар Tab планшеті, Samsung телефонды қолды қылған.

Осылайша, жалпы құны 1 млн 145 мың теңге көлемінде шығын келтірген.

 Ұрлықты тұрақты кәсіпке айналдырған азамат Жанкент көшесінің бойында орналасқан үйлердің біріне де дәл осы әдіспен кіріп, 100 мың теңге ақшаны қолды қылған. Ұрлық жасаған уақытта қожайын өзге бөлмеде үй шаруасымен айналысып жүрген.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде 31 жастағы қала тұрғыны анықталып, жәбірленушілерге тиесілі алтын бұйымдар мен өзге де айғақ заттар дәлелдеме ретінде алынды.

Қазіргі уақытта полицейлер пәтер ұрысының елорда аумағында жасалған басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр. Тергеп-тексеру әрекеттері жалғасады. Күдікті қамауға алынды.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру