Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада екі мәрте заңсыз көлік иемденген азамат құрықталды

Елорданың Сарыарқа ауданы полиция бөлімінің қызметкерлері екі автокөлік ұрлығына қатысы бар 26 жастағы жігітті анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Сотқа дейінгі тергеу кезінде жігіт көлікті айдап кету кезінде мас күйінде болғаны белгілі болды.
Жас жігіт түнгі уақытта Бөгенбай батыр көшесіндегі үйдің ауласынан өтіп бара жатып, кілтімен бірге оталып тұрған ВАЗ 2114 автокөлігін көріп, оны қолды етіп межелі жерге жетуге шешім қабылдаған. Кейіннен Жарсуат көшесінен көлік ашық күйде табылды.

Бірнеше күннен кейін Бабатайұлы көшесіндегі автотұрақта жігіт BMW автокөлігін байқап, ол көлікті де ұрлап кеткен. Көлік иесі ұрлаушыны өз бетінше қуып жетуге тырысқан, алайда оны қуып жете алмаған. Кейін көлік Карбышев көшесінде қосылған күйінде тұрғаны анықталды.

Аталған дерекке қатысты ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильдi немесе өзге де көлiк құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу)  бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп жатыр.

Тексеру барысында күдікті заңды бірінші рет бұзбағандығы, сонда-ақ оның бұрын ұрлық жасағаны үшін істі болғаны белгілі болды. Оның елорда аумағында жасалған басқа да осындай қылмыстарға қатыстылығы тексеріліп жатыр.

Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға автокөліктен кетіп бара жатқанда қырағы болуды ескертеді. Барлық есіктер мен терезелердің сенімді жабылғанын тексеру қажет. Ұрлықты болдырмау және көлігіңіздің қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін полиция қызметкерлері автокөлік иелеріне көлікті қысқа уақытқа болса есікті ашық қалдырмауға, дабыл жүйесін орнатуға және көліктерді күзетілетін тұрақтарға қоюға кеңес береді.

Егер сізге қатысты заңсыз әрекеттер жасалса, дереу “102” нөміріне қоңырау шалыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру