Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада қызметтік иттің көмегімен жоғалған бес жасар бала табылды

Астанада қызметтік иттің көмегімен жоғалған бес жасар бала табылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Кіші инспектор-кинолог Нұрсұлтан Санжар, Дан есімді итімен Иманов көшесіндегі аулалардың бірінен 5 жасар баланы іздеп тапты.

Белгілі болғандай таңғы уақытта 102 арнасына жоғалған бала туралы хабар келіп түскен. Қоңырау шалған анасы баласын аулада ойнап жүрген жерінен таба алмай қалғанын айтады. Әйел баланы өз бетімен іздеп көргенімен, іздеу нәтиже бермеген. Жедел қоңырау қабылдаған тәртіп сақшылары бірден жылдам әрекетке көшіп, кәмелетке толмаған баланы іздеуді дереу ұйымдастырған.

Полицейлер баланың болуы мүмкін барлық жерлерді тексеруге кіріскен. Бұл жерде қызметші итпен бірге кинолог инспекторлар да баланы іздеуге жұмылған. Баланың киімінен шыққан иіске қарап, ит иісті бірден қабылдап алған. Біраз уақыттан кейін Дан, иіс арқылы баланың ізіне түсіп, іздей бастаған. Нәтижесінде ол полиция қызметкерлерін бала жүрген үйдің аумағындағы ойын алаңына апарған.

Тәртіп сақшыларына хабарласқан баланың анасы көмек көрсетіп, ұлын жедел іздестіргені үшін полицейлерге ерекше алғысын білдірді.

Неміс овчаркасы Дан полиция бөлімшесінің кинологиялық қызметінде 4 жыл қызмет етіп келеді. Ит бақылау жұмыстарына жақсы үйретілген және иіс ізін пайдаланып адамды іздеуге әбден дағдыланған.

Елорда сақшылары аулада ересектердің қарауынсыз ойнап жүрген балалардың адасып кететін жағдайлары жиі орын алатынын атап өтті. Бұған дейін де қызметтік ит Дан тұрғын үйдің ауласынан шығып кеткен 5 және 7 жастағы екі ұл баланы тапқан. 

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру