Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау облыстық ПД-да жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды

Атырау облыстық полиция департаментінде жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу шаралары талқыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазіргі қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Осыған орай бүгін Атырау облысы полиция департаменті бастығының төрағалығымен білім беру ошақтарында құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың жолын кесу бойынша, сонымен қатар оқушылар арасында құқықтық сауаттылықты арттыру және жеке алдын алу шараларын өткізу мақсатында учаскелік полиция инспекторлары, ювеналды полиция инспекторлары және жедел уәкілдердің қатысуымен жиын өтті.

Айта кету керек, балалар құқығының қорғалуына қатысты мәселелер ҚР Ішкі істер министрлігінің ерекше бақылауында. Жасөспірімдерге қатысты жасалатын кез келген құқық бұзушылық назардан тыс қалмай, олардың алдын алу профилактикасы толыққанды жүзеге асырылуы қажет.

Департамент бастығы Нұрхат Оразбаев бүгін кездесу барысында білім беру ұйымдарында құқық қорғау қызметкерлерінің жұмыс барысын талқылап, жұмысқа жауапкершілікпен қарау керектігін атап өтті.

– Жеке тұлға болып қалыптасуда ата-ана, мұғалім мен тәртіп сақшылары тығыз байланыста болып, әрбір жасөспірімнің тәртібі мен тәрбиесіне уақытында мән берілсе, жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылық пен қылмыстың алдын алуына септігін тигізері сөзсіз. Дегенмен, құқық бұзушылықтардың алдын алуда полиция алдыңғы қатарда. Сондықтан, халықтың қорғаны екендеріңізді және сіздерге халық баға беретінін ұмытпаңыздар. Заңдылық пен тәртіпті қатаң сақтай отырып, қоғамның қауіпсіздігі үшін қалтқысыз қызмет етіңіздер – деді өңірдің бас полицейі.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру